Зерттеулер

Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы

Жыл сайын жарты миллионнан астам адам планетадағы зорлық-зомбылықтан қайтыс болады және одан да көп адам ұжымдық және тұлғааралық қақтығыстардың салдарынан дене жарақатын алады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметтері бойынша адамдар арасындағы зорлық-зомбылық ДДСҰ Еуропалық аймағында 15-29 жас аралығындағы адамдардың өлімінің негізгі себептерінің тізімінде 4-ші орында.

Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау Қазақстан Республикасының отбасылық-демографиялық саясатының өзекті күн тәртібі болып табылады. Зорлық-зомбылықтың өсуі қоғам мен жеке адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді, осылайша өткір әлеуметтік проблема туындайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2021 жылғы қарашада өткен ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында сөйлеген сөзінде осы проблеманы шешудің маңыздылығын атап өтіп, алдын алу шараларының тиімділігін арттыруды, агрессорлармен әлеуметтік-оңалту және тәрбие жұмысының жүйесін әзірлеуді, құқық бұзушыларға берілетін жазаларды орындау және қолданысқа енгізу жөніндегі шараларды күшейтуді тапсырды.

Бүгінгі таңда отбасындағы зорлық-зомбылық проблемасын әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік міндеттер деңгейінде, заңнаманы жетілдіру және тиімді алдын алу шараларын жүргізу арқылы кешенді тәсіл негізінде шешу, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне төзбеушілік пен қоғамдық айыптау ахуалын жасау қажеттігі пісіп-жетілді.

Ұлттық баяндама отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемаларын (бұдан әрі – ОТЗЗ) зерделеу және оған қарсы іс-қимыл бойынша ұсынымдар әзірлеу мақсатында әзірленді.

Қойылған мақсатқа жету үшін келесі негізгі зерттеу міндеттерін шешу жүзеге асырылды:

  • тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша халықаралық және ұлттық тәжірибені зерттеу;
  • тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қазақстандық және халықаралық заңнамаға талдау жүргізу;
  • отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен салдарларын анықтау;
  • ОТЗЗ алдын алу және оған қарсы іс-қимыл тетіктерін талдау;
  • қоғамдық санада отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қабылдау ерекшеліктерін анықтау.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық базасы: отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қазақстандық және халықаралық нормативтік заңнамалық база; Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері және мемлекеттік органдардың деректерінен (ҚР ІІМ, ЕХӘҚМ және т.б.) алынды.

Ұлттық баяндаманы дайындау шеңберінде «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Қазақстанның 17 өңірінде, қалалық және ауылдық елді мекендерде 1000 адамнан тұратын іріктемемен жаппай сауалнама, әлеуметтік зерттеу жүргізді; 10 сараптамалық сұхбат және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен 10 тереңдетілген сұхбат деректері қолданылды. Үй шаруашылығындағы респонденттерді іріктеу әдісі квотаға (жынысы, жасы) сәйкес жүзеге асырылды. Халықты іріктеу 2021 жылдың басындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының СЖРА ҰСБ деректері негізінде мынадай параметрлер бойынша есептелді: өңір/республикалық маңызы бар қала, респонденттердің жынысы, жасы, елді мекеннің түрі (қала/ауыл).

Сондай-ақ «Отбасылық-демографиялық саясат» (іріктеме көлемі 1200 респондент), «Ауылдық отбасының әлеуметтік портреті» (іріктеме көлемі 1200 респондент), «Ажырасу және оның салдары» (30 адам), «Ерте жастағы некелесу» (30 адам) терең сұхбаттарының нәтижелері пайдаланылды. Зерттеу нәтижелері ұлттық баяндаманы дайындауда да қолданылды.

Ұлттық баяндама 5 тараудан тұрады. Бірінші тарау қазіргі қазақстандық қоғамдағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасының өзектілігін негіздеуге, оның түрлері мен белгілерін зерттеуге, ел өңірлері бөлінісінде проблеманы зерделеуге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен салдарларын анықтауға арналған. Тарауды келесі сарапшылар: «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты» ММ директорының орынбасары, «Саясаттану» мамандығы бойынша PhD докторы А.С.Жолдыбалина (1.1, 1.2, 1.4 параграфтар), Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының доценті, «Әлеуметтану ғылымдары» мамандығы бойынша PhD докторы А.Н.Родионов (1.3 параграф) дайындады.

Екінші тарауда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесі зерттелді: халықаралық заңнамаға талдау жүргізілді, халықаралық ұйымдардың қызметі және үйдегі зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің әлемдік практикасы зерделенді. Тарауды келесі сарапшылар: М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің Assistant Professor-ы, «Құқықтану» мамандығы бойынша PhD докторы М.Х.Хасенов (2.1 параграф), «NOVALEX» адам құқықтарын, инклюзияны және азаматтық қоғамды зерттеу орталығының директоры, «Құқық» мамандығы бойынша PhD докторы Х.К.Әжіғұлова (2.2 параграф) әзірледі.

Үшінші тарауда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қазақстандық заңнамаға талдау жасалды, мемлекеттік органдардың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі негізгі құзыреттері мен қызметі зерделенді, дағдарыс орталықтарының, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың рөлі белгіленді, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары ұсынылды. Тарауды келесі сарапшылар: ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары С.П.Тұрсынбекова, М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің Assistant Professor-ы, «Құқықтану» мамандығы бойынша PhD докторы М.Х.Хасенов (3.1 параграф), ҚР ІІМ Алматы академиясы Әкімшілік-құқықтық пәндер кафедрасының бастығы, з.ғ.к. Л.Т.Күлтемірова (3.2, 3.4, 3.5 параграфтар), «NOVALEX» адам құқықтарын, инклюзияны және азаматтық қоғамды зерттеу орталығының директоры, «Құқық» мамандығы бойынша PhD докторы Х.К.Әжіғұлова (3.3 параграф) дайындады.

Төртінші тарауда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың гендерлік ерекшеліктері зерделенді, мүгедектігі бар адамдар мен қарт адамдарға қатысты зорлық-зомбылық проблемаларына, сондай-ақ үйдегі зорлық-зомбылық контекстінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аударылды. Тарауды келесі сарапшылар: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының доценті, «Әлеуметтану ғылымдары» мамандығы бойынша PhD докторы А.Н.Родионов (4.1 параграф), NOVALEX» адам құқықтарын, инклюзияны және азаматтық қоғамды зерттеу орталығының директоры, «Құқық» мамандығы бойынша PhD докторы Х.К.Әжіғұлова, БҰҰ тұрғын халық саласындағы қорының (ЮНФПА) ұлттық бағдарламаларының үйлестірушісі Г. М. Молдақұлова (4.2 параграф), М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетінің Assistant Professor-ы, «Құқықтану» мамандығы бойынша PhD докторы М.Х.Хасенов (4.3 параграф) дайындады.

Бесінші тарауда қоғамдық санадағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қабылдау мәселесі зерттеліп, мәселенің бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік медиада көрсетілуіне талдау жасалды. Тарауды келесі сарапшылар: «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ қызметкерлері (5.1 параграф), Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтану кафедрасының доценті, «Әлеуметтану ғылымдары» мамандығы бойынша PhD докторы А.Н.Родионов (5.2 параграф) дайындады. Осы баяндамада қолданылған әлеуметтанулық зерттеулерді «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ сарапшы-қызметкерлері жүргізді.

Елдегі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қалыптасқан жағдайға жүргізілген талдау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға, БАҚ-қа, ҮЕҰ-ға және дағдарыс орталықтарына, баспаналарға, аналар үйлеріне және ОТЗЗ-дан зардап шеккендерге көмек көрсететін өзге де ұйымдарға ұсыныстар әзірленді.

Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы

Басқа жаңалықтар

Back to top button