Жаңалықтар

Жас журналистерге арналған Media Bootсamp жазғы мектебі басталды

Бүгін, 30 маусым күні жас журналистерге арналған Media Bootсamp жазғы мектебінің ашылу салтанаты өтті.

Еліміздің өңірлерінен келген студенттер мен магистранттардың басын қосқан шараның мақсаты – жас журналистердің біліктілігін арттырып, кәсіби дағдыларын дамыту арқылы заманауи талаптарға сай мамандар пулын қалыптастыру.

Жазғы мектеп барысында қатысушылар теория мен практиканы ұштастырып, коммуникативті дағдыларын жетілдіріп, журналистік шеберлігін шыңдайды. Оларға өз жұмыстарын көрсетуге, білікті мамандармен бірге практика жасауға мүмкіндік беріледі.

Жас журналистерге арналған Media Bootсamp жазғы мектебі басталды

Шараның ашылу салтанатына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Сәдуақас, Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани қатысты.

Алғашқы болып сөз кезегін алған Перизат Сәдуақас ұйымдастырушыларға алғысын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Жазғы мектеп алаңында пайымды пікірлер мен терең ойлар айтылады деп сенемін.  Қазіргі уақытта заманауи технологияларды меңгеру, әлемдік стандарттарға сай ақпараттық салада жұмыс істеу қай журналистке болмасын маңызды деп санаймын», – деді спикер.

Ал Нұрбек Матжани журналистердің бизнесте, мемлекеттік қызметте және қоғамды ақпараттандыру барысында негізгі рөл атқаратынын айта келе, жазғы мектептің оқу бағдарламасына тоқталды.

«Media Bootcamp жазғы мектебінің оқу жоспары теориялық біліммен бірге тәжірибелік жұмыстар арқылы коммуникатив дағдылар мен кәсіби ойлау қабілетін дамытуға, цифрлы технологияларға негізделген жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруге бағытталған».

Айта кетейік, Media Bootcamp-тің оқу бағдарламасы «Жасанды интеллектінің журналистикаға әсері», «Журналистика тарихы: Әлемдік журналистиканың дамуы мен ерекшеліктері», «Журналистикадағы заманауи әдіс-тәсілдер», «Подкаст: тұжырымдама, архитектура, іске қосу», «Деректі фильм: идеядан эфирге дейін», «Digital First Content: әлеуметтік желіге контентті  бейімдеу механизмі мен ерекшеліктері», «Журналистік этика және стандарттар» сынды заманауи бағыттарды қамтиды.

Жас журналистерге арналған Media Bootсamp жазғы мектебі басталды

Қатысушыларға М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ университетінің Adjunct Assistant профессоры, PhD Алма Сайлауқызы, режиссер, киносценарист Мұрат Есжан, М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазГЮУ университетінің оқытушысы Жолдас Өрісбай, кәсіби подкастер Елдар Құдайбергенов және «Media 24» компаниясының бас директоры Марғұлан Ақан дәріс оқып, уоркшоп өткізеді.

Жазғы мектепке еліміздің 13 өңіріндегі 20 ЖОО-дан 50 жас маман қатысады. Олардың кандидатурасы 98 өтініштің ішінен іріктеліп алынды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті Карима Жұмағалидің айтуынша, Media Bootcamp – журналистика саласындағы білімі мен біліктілігін арттыруға берілген тамаша мүмкіндік.

«Сандық медиа, мультимедиялық әңгімелер, әлеуметтік медиа және деректер журналистикасы туралы курстарды қамтитын іс-шараның оқу жоспары дәл осы салалардағы дағдыларымды жетілдіру үшін қажет», – деді қатысушы.

Жас журналистерге арналған Media Bootсamp жазғы мектебі басталды

Айта кетейік, жазғы мектеп 29 маусым – 2 шілде аралығында Ақмола облысы, Бурабай ауданында өтеді.

Шараның ұйымдастырушылары: ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстандық қоғамдық даму институтының MediaLab орталығы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button