Жаңалықтар

Пресс-анонс: «Ұлттық құрылтай – қоғамдық диалогтың жаңа моделі» тақырыбында «Sarap» эксперттік клубының отырысы

21 сәуір 2022 жылы сағат 15.00 Қазақстандық қоғамдық даму институты алаңында «Ұлттық құрылтай – қоғамдық диалогтың жаңа моделі» тақырыбында «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтеді.

Іс-шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырады.

16 наурызда Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық құрылтай құруды ұсынды.

«Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз  бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін  жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады. Ұлттық құрылтайдың құрамында  еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған  Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын  өкілді құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады», — деді Президент.

«Sarap» эксперттік клубының отырысы Мәжіліс депутаттарының, саясаттанушылардың, қоғам қайраткерлері мен ҚҚДИ сарапшыларының қатысуымен өтеді.

Отырысқа қатысушылар билік пен қоғам арасын жақындастыратын тетік ретінде «Ұлттық құрылтай» құрудың тиімділігіне талдау жасайды, сондай-ақ Жаңа Қазақстанды құру үдерісіндегі Институттың рөлі мен функцияларын талқылайды.

Іс-шара спикерлері: ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаттары Еділ Жаңбыршин, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Сенаты аппарат басшысының орынбасары Максим Споткай, «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының» директоры Талғат Қалиев және т.б.

Модератор: «ҚҚДИ» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдинов.

Күні: 21 сәуір 2022 ж.

Уақыты: 15:00

Мекен-жайы: Қабанбай батыр 11/5, БО Нұрлы-Орда, 6 қабат (конференц-зал)

Басқа жаңалықтар

Back to top button