Жаңалықтар

ҚҚДИ алаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету мәселесі бойынша вебинарлар сериясы өтті

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты алаңында қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыруға жұмылдырылған барлық институттарға вебинарлар сериясы ұйымдастырылды. Іс-шараға облыс, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат басқармалары, сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңселерінің қызметкерлері қатысты.

Іс-шараның ашылуында модератор қызметін «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов қолға алды.

Онлайн-форматта өткен пленарлық отырыс барысында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын үйлестіру департаментінің директоры Ұлықбек Тінәлиев, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Батырхан Жұмабаев, Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы басшысы Мира Қазбекова және Павлодар облысының Ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысы Азамат Байтенов сөз сөйледі.

Спикерлер қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының мәні мен маңыздылығын халыққа жеткізетін барлық институттар, стейкхолдерлер үшін онлайн семинарлар өткізу қажеттілігін атап өтті.

Екі күн ішінде қатысушыларға «Бағдарламаны ақпараттық ілгерілетудегі қоғаммен жұмыс» және «Бағдарламаның оң имиджін қалыптастырудағы БАҚ-пен жұмыс» тақырыптары бойынша практикалық вебинарлар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, БАҚ-пен жұмыс, ақпаратты ілгерілету әдістері мен тәсілдері бойынша тақырыптық мастер-кластар өткізілді. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының оң имиджін қалыптастырудың тиімді тәсілдерінің бірі ретінде SMM кейстер талданды.

Сонымен қатар, ҚҚДИ алаңында бағдарламаны ілгерілету процесінде қоғаммен медиативтік өзара іс-қимыл әдістері, таныстыру өнері бойынша практикалық вебинарлар және «Рухани жаңғыру» ықпалымен қазақстандықтардың құндылықтары мен мінез-құлық ұстанымдарының өзгеруін зерделеу құралы ретінде әлеуметтік зерттеулер жүргізу бойынша семинар өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button