Жаңалықтар

Президент Жолдауы пандемиядан кейінгі мемлекет дамуының векторын анықтап берді – «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ сарапшылары

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшыларының пікірінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауындағы пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамалары постпандемиялық кезеңнен кейінгі ел дамуының нақты векторларын анықтап берді.

Қазақстандық қоғамдық даму институтында Жолдаудағы әлеуметтік блоктың дамуына берілген басымдылыққа назар аударып отыр.

Институт сарапшысы Күлжанова Гүлмираның пікірінше: Президент білімнің еңбек нарығының сұраныстарына сәйкес келу мәселелерін атап өткені өте қуанышты. Шынында да, бүгінгі таңда қарқынды дамып келе жатқан әлемде ақпарат ағыны өте үлкен, сондықтан білім берудің уақыт талабына сай бейімделген жүйесін ұйымдастыру өте маңызды. Сондықтан құзырлы министрліктің алдына оқу бағдарламаларын жаңа бағыттарға бейімдеу міндеті қойылып отыр. Сондай-ақ, пандемия елді мекендерді интернетпен толық қамту мәселесін көрсетті. Әрине, бұл мәселені шешу үшін кешенді шаралар қажет.

Сондай-ақ, «Жастар» ҒЗО директорының орынбасары Элина Паулина білім мен ғылым Президенттің сөзінде тиісті көрініс тапты деген пікірімен бөлісті.

 «Ғылым – бұл атағы бар ғалымдар ғана емес. Бұл өскелең ұрпақ. Бұл интеллектуалды ұлт. Жаңа мектептер салу, жалпы саны 1000-ға жетеді, балаларды ерте кәсіптік бағдарлау, мұғалімдерді материалдық және кәсіптік дамуда қолдау. Ғалымдар өз еңбегіне лайықты деңгейде ақы алады, ғылыми гранттардың көбеюі – дамудың жаңа серпіні болары анық», – деп атап өтті ол.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Ольга Николаева осы Жолдауда Мемлекет басшысының шығармашылықты қолдау, тәуелсіз музыканттар мен орындаушыларды, әдебиетшілерді қолдауға көңіл бөлгенін атап өтті. «Бұл жасампаз, жаңа нәрсе жасауға дайын адамдар. Олар назардан тыс қалмауы үшін жаңа қазақстандық мәдениетті ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды».

Әлеуметтік саламен қатар, биылғы Жолдауда еліміздің өңірлік дамуына және ішкі еңбек нарығындағы мобилділік мәселелерін жетілдіруге үлкен мән беріліп отыр.

«Бүгін Президент Үкіметке елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударған азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тетігін қайта қарастыруды тапсырды. Бұл өте дұрыс шешім! Болжамды деректер бойынша тиімді шаралар қабылданбаған жағдайда 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердің халқы тағыда 0,9 млн.адамға азаюы, ал оңтүстік өңірлердің халқы 5,2 млн. адамға өсуі мүмкін. Оңтүстік өңірлерде халықтың орналасу тығыздығы солтүстік өңірлердегі тиісті көрсеткіштен 4 есе артық болады», – деп атап өтті институт сарапшысы Жампейісов Думан.

Мемлекет басшысы Жолдауында өңірлердегі халықтың өміріне нақты баға беру және жергілікті әкімдіктердің жұмысына халықтың қанағаттануы туралы нақты ақпарат қажет екенін атап өтті.

«Әкімдердің жұмысын бағалаудың тиімді құралы ретінде әлеуметтік сауалнамалардың рөлін өзектендіру «еститін мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды қадам болуы мүмкін. Жергілікті жерлерде әкімдермен жүргізілетін жұмыс сапасына қатысты қоғамдық пікірді зерделеу және азаматтардың субъективті бағасын жинау, өзекті әрі аса маңызды міндет. Әлеуметтану ғылымында бұл үшін қажетті құралдар бар. Сондықтан Президенттің бастамасы нақты қолдау тауып, іс жүзінде жүзеге асырылуы тиіс», – деп атап өтті ҚҚДИ сарапшысы Елена Аппельганц.

Президент өз Жолдауында еліміздің бюджет-қаржы жүйесін жақсартуға назар аударып, Ұлттық банк пен Үкіметтің алдына инфляцияның 4-6% нысаналы дәлізіне оралу міндетін қойды.

«Шілде айында Ұлттық Банк басшысы инфляция төрт жыл ішінде рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті. Ол мұндай экономикалық жағдай тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде де қалыптасып отырғанына сендірді. Президент өз Жолдауында мұндай сылтаулардың мүмкін еместігін атады. Отандық экономистер тек қана мәселенің салдарымен ғана жұмыс істеп қоймай, инфляция мен бағаның өсуі сияқты мәселелерді болдырмау бойынша болжам және ұсынымдар мәселелерімен де айналысуы қажет», – деп өз пікірімен бөлісті ҚҚДИ сарапшысы Қазбек Майгелдинов.

Бүгін Мемлекет басшысы өз Жолдауында цифрландыру мәселелерінде Еуразияның елеулі бөлігінде орталық цифрлық хабқа айналу сияқты өршіл міндетті шешу қажет екенін де атап өтті.

«Цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба аясында 100 мыңнан аса жоғары білікті IT-мамандарды дайындау жоспарлануда. Ал цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кем дегенде 500 млн. долларға жетуі тиіс. Осы стратегиялық бастамалардың барлығы әлеуметтік әл-ауқатты жақсартуға және дамытуға бағытталған деп ойлаймын. Жалпы, бұл бүкіл қоғам үшін маңызды мультипликативті әсерге ие болады», – деп атап өтті «Жастар» ҒЗО директоры Аян Сакошев.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы өмірдің барлық салаларына әсер ететін, барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту бойынша бірқатар нақты кешенді іс-қимылдар жүйесі айтылғанын атап өтті.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button