Жаңалықтар

Мемлекеттік хатшы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысын өткізді

2021 жылғы 11 ақпанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өткізілді. Бейнеконференция форматында өткен отырыс барысында Бағдарламаны іске асырудың ағымдағы нәтижелері талқыланып, одан әрі жұмыстың басым бағыттары айқындалды.

Отырысты аша отыра Мемлекеттік хатшы Қ. Көшербаев Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында Елбасы Н.Ә. Назарбаев бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі дамытудың құнды бағдарларын бәрінен жоғары қойғанын атап өтті. Біріншіден, бұл біздің тәуелсіздігіміздің қасиетті құндылықтарын сақтау мен құрметтеу, екіншіден, қоғамдық дамудың өзекті мәселелері бойынша айқын мемлекеттік ұстаным.

Мемлекеттік хатшы жаһанданудың заманауи тәуекелдері мен сын-қатерлері жағдайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – адам капиталын дамытудың маңызды бағдары және біздің қоғам үшін жаңа идеологиялық күн тәртібін құру тетігі екенін атап өтті.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың ақпараты бойынша, 2020 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іс-шаралар жоспарын іске асыру шеңберінде 8 млн.адамды қамти отырып, 30 000 астам іс-шара өткізілді. Бағдарламаны іске асырудың жаңа құнды тәсілдері мен тетіктері іс-шараларды 3 негізгі құндылық бағыттары бойынша кеңейтуге мүмкіндік берді: «Тұлғалық даму», «Ұлттық бірегейлік және халықаралық мәртебені арттыру», «Мемлекеттің, азаматтық қоғамның және жергілікті қоғамдастықтардың дамуы». 4 арнайы жоба: «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып», «Құқықтық мәдениет» және «Еңбек – елдің мұраты» енгізілді.

«Туған жер» арнайы жобасы шеңберінде өткен жылы отандық меценаттар негізгі өңірлік инфрақұрылымдық нысандарды дамытуға шамамен 10 млрд.теңге жұмсады, әлеуметтік маңызы бар  537 нысан салынды және 445 қайта жаңартылды.

Сондай-ақ, отырыс қатысушыларына Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асырудың арнайы Жол картасы ұсынылды.

Отырыста талқыланған мәселелер бойынша белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ Басқарма төрағасы Есетжан Қосубаев, Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданының меценаты Константин Поп, ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттары қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесинова сөз сөйледі.

Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Жол картасын сапалы әрі тиімді іске асыруды қамтамасыз ету жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді.

Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы Ұлттық комиссияның ұсыныстары мен ұсынымдарын қарауды, соның ішінде Қазақстанның толық академиялық тарихын жазу үшін «Халық тарихы» жобалық кеңсесін ашу, «Кино мен теледидардағы тарих» арнайы жобасының тақырыбын күшейту, «Киелі Қазақстан» арнайы жобасының аясында туризмді дамыту («Қазақстанның киелі жерлері»), отандық өнертапқыштар банкін құру, ұлттық киноны кинопрокат мәселелері бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жұмысын жандандыру, мемлекеттік тапсырыс аясында түсірілген рухани құндылықтарды ілгерілету және киноөнімдерінің идеологиялық мазмұнын арттыруды тапсырды.

Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы балалар аудиториясы үшін сапалы мәдени-ағартушылық және білім беру контентін қамтамасыз етуге, сондай-ақ балаларға арналған анимациялық фильмдер, тарихи сериалдар, интернет-жобалар жасау және балалар әдебиетін басып шығару қажеттігіне ерекше назар аударды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button