ЖаңалықтарОқиғалар кестесі

«Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасының жобасы сараптамалық талқылаудан өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Ораловтың қатысуымен «Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасының жобасы талқыланды.

Ұлттық баяндаманы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасы институтын зерттеу орталығы дайындады.

Зерттеу барысында қазақстандық отбасылардың жағдайына талдау жүргізілді және Қазақстандағы отбасылық саясатты жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірленді.

Іс-шараға қазақстандық және Беларусь, Өзбекстан, Украина, Тәжікстан мемлекеттерінен халықаралық сарапшылар қатысты. Олардың арасында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Лаззат Рамазанова, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Бексұлтан Тұтқышев, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина, Қазақстанның жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі қауымдастығының атқарушы директоры Галина Гребенникова, Украина медиаторлар мектебінің құрылтайшысы Татьяна Билык, Тәжік мемлекеттік құқық, бизнес және саясат университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Даврон Бабаджанов және басқалары бар.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова өз сөзінде Ұлттық баяндама отбасы саласында жұмыс істейтін әрбір маманның күнделікті кітабына айналуы тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Л.Рамазанова баяндаманың негізгі қорытындыларын ескере отырып, Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын (екінші кезең: 2020-2022 жылдар) өзектендіруді ұсынды.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асхат Оралов нақты даму бағыттарын айқындай отырып, қазақстандық отбасылар жағдайына зерттеулер жүргізудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.

«Ұлттық баяндама жобасын әзірлеу барысында Сovid-19 жаһандық пандемиясы кезеңіндегі жаңа шындық талаптары ескеріле отырып, қазақстандық отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына, ажырасудың негізгі себептері мен салдарына, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемаларына, көп балалы отбасылардың жағдайына, жан-жақты талдау жүргізілді.

Талдау және әлеуметтік зерттеулер, сараптамалық пікір қорытындылары бойынша отбасы саласындағы өзекті мәселелер анықталды, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға ұсынымдар берілді», – деді А. Оралов.

Вице-министрдің айтуынша, Ұлттық баяндаманың нәтижелері әлеуметтік саладағы ведомствоаралық кешенді жоспарларды, бағдарламалар мен бастамаларды әзірлеу кезінде қолданылатын болады.

Ұлттық баяндама жобасында 2020 жылдың басты ерекшелігі болған коронавирустық пандемияның қазақстандық отбасыларға сөзсіз әсері тигені аталып өтеді. Осылайша, жақындарының құндылығын түсіну, денсаулық мәселелеріне назар аудару, отбасылық демалысты бірлесіп өткізу мүмкіндігі карантиндік шаралардың отбасылық қатынастарға әсер етуінің оң факторларына айналды. Дегенмен, сонымен бірге, жасырын отбасылық дағдарыстар, қақтығыстар, алаңдаушылық, болашақтағы белгісіздік және т. б. күшейе түсті.

Баяндама жобасында қазақстандық отбасылардағы қарым-қатынасты нығайтатын негізгі факторлар айқындалған. Респонденттердің пікірінше, құрмет пен өзара түсіністік махаббатпен (51,8%) және материалдық байлықпен (14%) қатар негізгі қасиеттерге жатады. Отбасында баланың дүниеге келуі де маңызды орын алады (11,1%).

Жалпы, көп балалы отбасылардағы отбасылық өзара қарым-қатынастарды талдау қазақстандық көп балалы отбасыларға отбасылық өмірге қанағаттанудың жоғары деңгейі (80,2%) тән екенін көрсетті.

Баяндама жобасында қазақстандықтар өз балаларының бойында қалыптастыруға тырысатын бес құндылық анықталғанын айта кету қажет. Бұл – еңбекқорлық (64,1%), үлкендерді құрметтеу (54,9%), өзін-өзі бағалау (28,5%), өзіне деген сенімділік (20,6%) және патриотизм (16,4%).

«Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасы шеңберінде жүргізілген зерттеулердің нәтижелері Отбасылық әл-ауқат индексін есептеу әдістемесін, сондай-ақ мемлекеттік органдарға отбасылық саясатты жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік берді.

ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ әзірлеген отбасылық әл-ауқат индексін есептеу әдістемесін кеңінен сараптамалық талқылау қажеттілігі туралы ұсыныс жасады.

Татьяна Билык Украинаның Отбасылық медиаторлар қауымдастығының қызметі туралы айтып, отбасылық жанжалдарды шешуде медиаторлар жұмысының маңыздылығына назар аударды.

Даврон Бабаджанов іс-шараға қатысушыларды Тәжікстан Республикасындағы отбасылық саясатты іске асыру туралы хабардар етті, сондай-ақ бар проблемалық мәселелерді ескере отырып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған жобаларды іске асырудың қажеттілігін атап өтті.

Сонымен қатар, БҰҰ-ның халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) Қазақстандағы өкілдері Юлия Лысенкова, «Бала отбасында өмір сүруі тиіс» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Азамат Жаманчинов, Қазақстан жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығының атқарушы директоры Галина Гребенникова және басқалар отбасы институтын нығайту және қолдау жөніндегі жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Жалпы, сарапшылар аталған құжаттың маңыздылығын атап өтіп, ұлттық баяндаманы дайындау сапасына жоғары баға берді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button