Жаңалықтар

Қазақстандық сарапшылар бюджетті жоспарлау бағдарламасының жаңа ережелерін ұсынды

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған «Қаржы саласындағы ақпараттық ашықтық» пікірталас алаңы барысында сарапшылар қаржы саласындағы ақпараттық қолжетімділік пен бюджет бағдарламаларының жаңа ережесін талқылады.

Алтыншы онлайн пікірталас алаңында модераторлық қызметті атқарған сарапшы Жастілек Жапаров халық арасында «мен не үшін салық төлеп жатырмын?» деген түсініспеушілікті болдырмаудың тетіктерін айтты.

«Еліміздің әр азаматы өзінің салығы қайда кетіп жатқанын біліп, нәтижесін көріп отыруы тиіс. Сондықтан, ашық түрде ақпаратпен қамтамасыз етпеген жағдайда әкімшілік жауапкершілікті енгізу керек. Бюджет бағдарламасын жасау мен азаматтық бюджетті біріктіру керек деп есептеймін. Сондай-ақ, бұл бағдарламалар азаматтық бюджет формасында жан-жақты талқыланып, үнемі үздіксіз жарияланып отыруы тиіс», – деді Жастілек Жапаров.

Өз кезегінде қоғам қайраткері Зәуреш Баталова бұрындары елімізде бюджет мәселесі жабық тақырып болғанын, ал қазір керісінше ақпараттық ашықтық барлық тараптан қолдау тауып жатқанын айтып өтті.

«Бүгінде мемлекеттің өзі бюджет ашықтығын бақылауды құп көреді. Алайда, азаматтық қоғамның бұған аса құштарлығы жоқ. Сондықтан мемлекеттік органдар жүзеге асырып жатқан бюджет жүйесінің саясатына азаматтық қоғам да ат салысатындай нақты механизмдерді жасау керек», – деді Баталова.

Оның сөзінше, жергілікті және орталық атқару органдарының бюджеттеріне ақпарат ашық болуы қажет.

 Пікірталас алаңын қорытындылаған «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова дискуссиялық алаңның қорытындысы бойынша ұтқыр ұсыныстың барлығы жинақталып, ақпараттық қолжетімділікті жетілдіру үшін жұмыстарына жұмсалатындығын айтты.

«Пікірталастарымыз объективті өтуі үшін біз еліміздің алты сарапшысын шақырып, мемлекеттік және жергілікті атқару органдарының, әртүрлі министрлік өкілдерінің және қоғам қайраткерлерінің алдында дискуссиялар ұйымдастырдық. Әр онлайн-алаң барысында қатысушылардың барлығы зерттеу және сарап жұмыстарымен танысып, ұсыныстарды ортаға тастай алды. Енді осы пікірталастардың қорытындысы бойынша ұсыныстардан жинақталған арнайы пакет жасалып, қазіргі заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу үшін ұсыныс ретінде жіберіледі, – деді Әсем Қайдарова.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен экология, денсаулық сақтау, білім, жер қатынастары және әлеуметтік қорғау салалары бойынша «Ақпараттық қолжетімділік» тақырыбында пікірталас алаңдары ұйымдастырылған болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button