Жаңалықтар

Қазақстандық ғалымдар IT саласында әлемдік жаңалық ашты

Қазақстандық ғалымдар әлемдік ІТ саласына түбегейлі өзгеріс әкелетін инновациялық тәсіл ойлап тапты. Өз жаңалықтарын ғалымдар Қазақстанның ғылыми қауымдастығына «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде өткен семинарда таныстырды.

         Төлем жүйелері, интернеттегі іздеу жүйелері, смартфондағы әртүрлі қосымшалар – бүгінде бұлардың барлығы күнделікті өміріміздің айнымас бөлшегіне айналды. Әлбетте, ақпараттық жүйенің нәтижелі жұмыс істеуі оның кодтық тәсілдеріне байланысты. Бұл саламен ақпараттық технологиялар мен математиканы тоғыстырған алгоритм теориясының ғылымы айналысады. Осы орайда бүгінде әлем ғалымдары болып ақпараттық жүйелердің жақсы жұмыс жасауына әсер ететін тетіктерін іздеуде.

Ғылыми семинарда қазақстандық ғалымдар көпшілікке өздерінің жаңалықтарын паш етіп, NP-complete санатындағы есептерді шешуге арналған полиномдық алгоритмді таныстырды.

«Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі – NP-complete есептерін шешуге арналған нәтижелі, әрі нақты алгоритмдерді жасап шығару. Әлемде бүгінге дейін NP-complete есебін шешудің экспоненциалды алгоритмдері ғана болды. Ал оның негізгі кемшілігі – ақпаратты өңдеу үшін қажет ететін уақыт және пайдаланылатын жады экспонент арқылы жүзеге асады. Бұл шектеулер әртүрлі ақпарат жүйесіндегі есептеу процесінің жұмысына тікелей әсер етеді. Осы орайда біз ұсынып отырған алгоритм компьютердің жұмысын жеделдетіп, сервердің жүгін жеңілдетеді, – деді техника ғылымдарының докторы, профессор Бақтыгерей Синчев.

Айта кету керек, IT саласындағы мұндай жетістікке жету үшін ғалымдарға бес жыл қажет болған.

«Осы мәселе бойынша ҚР Ұлттық ғылым академиясының басылымында мақала басылды. Алдағы уақытта шетелдік баспаларда да мақалалар жариялау жоспарланып отыр. Осы орайда қазақстандық ғалымдар зияткерлік меншік жайлы құқықтарын қорғау мәселелерін де шешіп, АҚШ сынды елдерден тиісті патенттік құжаттарын реттеп алды», – деп қосты Бақтыгерей Синчев.

Семинарға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институтының», ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Механика және инжиниринг институтының»Алматы энергетика және байланыс университетінің профессорлары мен докторлары, сондай-ақ, ҚР Ғылым академиясының мүшелері қатысты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button