Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда Қазақстанның түрлі этностарының көрнекті тарихи тұлғалары туралы мәліметтер базасы ұсынылды

2019 жылы 12 қарашада Нұр-Суұлтан қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ бірлесіп, ұйымдастырған «Қазақстан этностары: еліміздің дамуына қосқан үлестері. Біз біргеміз» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді.

«Іс-шараның осы тақырыпқа арналуы кездейсоқ емес. Өздеріңізге белгілі, сын сағаттарда қазақ жерін паналап келген көптеген ұлт өкілдері біздің халқымыздың қамқорлығы мен мейірбандығына бөленді. Өз кезегінде, олар да еліміздің әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосты, әлі де қоса береді деп сенемін. Елбасы Н.Ә. Назарбаев көреген этносаралық саясат жүргізді, әлемде теңдесі жоқ орган – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Осылайша, біздер – әр алуандығымызды артықшылығымызға айналдырдық», – деді Дәурен Абаев.

«Бір халық – бір ел – бір тағдыр» қағидаты бойынша біріктіру факторларын іздестіру, тарихи сананы қалыптастыру арқылы ұлттың бірегей кодын сақтау туралы конференция қатысушылары талқылады.

Іс-шара аясында «Қазақстан этностарының Қазақстан халқының жалпы тарихи-мәдени мұрасына қосқан үлесін зерделеу» зерттеу жұмысының нәтижелері ел дамуына елеулі үлес қосқан 50 көрнекті тұлғадан тұратын бірегей мәліметтер базасы түрінде ұсынылады. Олардың арасында композитор, қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР халық әртісі, профессор, КСРО және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Республикасының алғашқы әнұранының әнін жазушылардың бірі Брусиловский Евгений Григорьевич, аңызға айналған фольклорист, этнограф, композитор және Қазақ КСР халық әртісі, 2 мыңнан артық қазақ әнін жазып, қалдырған Затаевич Александр Викторович те бар. Айта кету керек, ХХ ғасырдың басы мен ортасының мәдениет және қоғам қайраткерлерімен қатар, еңбекте Герольд Бельгер, Нина Патрушева, Анатолий Храпатый, Денис Тен және т.б. сияқты қазіргі Қазақстанның дамуына үлес қосқан қазақстандықтардың еңбегі атап өтілді.

«Біздің еліміз тәуелсіз ұлттық мемлекеттіліктің өзіндік үлгісін құра алды, оның негізгі құрамдастары: патриотизм, этномәдени дәстүрлер мен қоғамдық келісім құндылықтары болып табылады. Сондықтан «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асырылатын осындай жобалар ұлттық бірлікті нығайтуда ерекше маңызға ие болады. Біздің тарихи-мәдени мұрамыз – елде тұратын барлық этностардың ортақ рухани және зияткерлік үлесінің нәтижесі екенін нақты мысалдар арқылы көрсеткіміз келеді», – деп атап өтті «Рухани Жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев.

Конференция жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, ҚР БҒМ ҒК Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабульдинов, тарих ғылымы және этнология, этносаралық қатынастар, саяси зерттеулер саласындағы жетекші мамандар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button