Жаңалықтар

«Өзгерістегі әлем жағдайындағы отбасы: – Заманауи ананың портреті; – Әкелер және балалар:қазіргі заманғы трендтер» атты отырыс өтті

Бүгін, 9 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстандық қоғамдық даму институты алаңында «Өзгерістегі әлем жағдайындағы отбасы:

– Заманауи ананың портреті; – Әкелер және балалар:қазіргі заманғы трендтер» атты отырыс өтті.

Шараны Қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасы институтын зерттеу орталығы ұйымдастырды.

Отырысқа сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, отбасылық-демографиялық саясат мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, психологтар, сондай-ақ өңірлік отбасын қолдау орталықтарының басшылары қатысты.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Қайдарова Асем Серікқазықызының модераторлығымен өтті.

Жиынның мақсаты – отбасы, оның рөлі мен тәрбие мәселелері, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, отбасылық қарым-қатынастардағы заманауи талаптар мен тенденциялар сияқты бүгінгі күннің маңызды мәселесін талқылау.

«Отан отбасынан басталады. Бұл қағида бәрімізге де мәлім.

Мемлекеттің тұрақтылығы, оның экономикалық дамуы көбінесе отбасының физикалық және рухани денсаулығына, оның проблемаларына, мүдделері мен қажеттіліктеріне мемлекеттің бей-жай қарамауына байланысты. Мемлекет өзінің жаңа өмірлік стратегиясын әзірлеуге қабілетті отбасын ғана емес, сонымен бірге өзгермелі тұрақсыз қоғам жағдайында өзінің өмір сүруін қамтамасыз етуге, табысты дамуға қабілетті отбасына мүдделі»,- деді Асем Қайдарова.

Одан әрі ол ҚҚДИ-дың статистикалық мәліметтері мен әлеуметтік зерттеулерінің нәтижелерінде келтірілген қазақстандық отбасылар туралы 10 қызықты фактілер келтірді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда:

  • Қазақстандықтардың 95,4% -ның отбасындағы қарым-қатынасқа көңілі толады;
  • Қазақстандық отбасылардың балаларды тәрбиелеудегі негізгі құндылықтары еңбекқорлық (33,8%), өзін-өзі бағалау (31,8%) және адалдық (31,7%), үлкендерге құрмет (25,3%), айналасындағыларға құрмет (16,6%) болып табылады;
  • Отбасын материалдық қамтамасыз етуді көбінесе ерлер (50,4%) немесе бірлесіп (45,8%) жүзеге асырады;
  • Отбасылық бюджетті басқару көбінесе бірлесіп жүзеге асырылады (54%). Әйелдер бұл жауапкершілікті еркектерге қарағанда біршама көбірек алады (тиісінше 24,1% және 21%);
  • Көбінесе ата-аналар балалардың үй тапсырмасын бірге тексереді (54,5%) немесе аналар (39%). Мұны әкелер (4,1%) немесе туыстары (2,4%) сирек жасайды;
  • Көбінесе ата-аналар балаларымен бірге серуендейді, ата-анасының екеуі (71,9%) немесе аналар (22,5%). Әкелер (3,4%) немесе туыстары (2,1%) сирек серуендейді;
  • Туудың жалпы коэффициенті (бала туатын жастағы 1 әйелге шаққандағы бала саны) 2021 жылдың аяғында 3,32 құрады;
  • Қазақстандықтардың басым бөлігі жүктілікті жасанды тоқтатуды құптамайды (67,2%), 23% бейтарап, 1% оң және 8,8% жауап беруге қиналған;
  • Қазақстан Республикасында бірінші баласын туған ананың орташа жасы 25 жасты құрайды;
  • Ата-аналар үшін ең өзекті мәселелер – баланың гаджеттерге, әлеуметтік желілерге және интернетке тәуелділігі (72%), аулалардағы көліктердің балалар қауіпсіздігіне қауіп төндіруі (71%), үйірмелер мен секциялардың сапасы мен қолжетімділігі мәселесі (67%), балалар үшін мектептегі білімнің сапасы мен қолжетімділігі проблемасы (66%), балаларға арналған медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі мәселесі (66%).

Әлеуметтанушы, «Тең құқықтар мен тең мүмкіндіктер институты» қоғамдық қоры басшысының орынбасары Татьяна Резвушкина «Қазақстандық аналардың күнделікті өмірі: ресми, медициналық және күнделікті дискурстардың әсері» тақырыбында баяндама жасады.

Нұр-Сұлтан қаласының Отбасын қолдау орталығының психологиялық көмек бөлімінің басшысы Ұлбосын Зинаханова өзінің жұмыс тәжірибесі туралы айтып берді.

«Көбінесе Қолдау орталығына босанғаннан кейінгі әйелдер депрессия және ерлі-зайыптылармен қарым-қатынас мәселесімен хабарласады», – деп атап өтті спикер. Оның айтуынша, 2022 жылы АӘК орталығына 12 891 адам, заңгерлік көмекке 404 адам, психологиялық көмекке 356 адам, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 8 868 адам, денсаулық сақтау саласына 86 адам, білім саласына 399 адам жүгінген.

«Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет «Аналогтық ата-аналардың цифрлық балалары. Цифрландыру дәуірінде балаларды қалай тәрбиелеу керек» тақырыбында баяндама жасады.

Қоғам белсендісі және кәсіпкер Данара Смайл кәсіби қызмет пен аяулы ана ролін қатар алып жүру туралы айтып берді.

«Әкелер мен аналардың заманауи рөлі» тақырыбында Санкт-Петербург қаласынан онлайн қосылған Кәсіби Психотерапиялық Лиганың мүшесі, психоаналитикалық бағыттағы маман Анжелика Лазебная сөз сөйледі.

Сондай-ақ жиында жекелеген қатысушылар тарапынан тәрбие жұмысын күшейту, әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету жөнінде ұсыныстар айтылды.

Жиын соңында модератор Әсем Қайдарова қатысушыларға баяндамалары үшін алғысын білдіріп, Жаңа Қазақстан құруда осы іс-шараның маңыздылығына тоқталып, отбасылық тәрбие жұмысының жақсарып, табысты болатынына сенім білдірді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button