Жаңалықтар

Жастар жайы сөз болды

Gov2Jastar сараптамалық алаңында «Өңірлердегі Жастар ісі жөніндегі кеңестердің қызметін жетілдіру» тақырыбында пікір алмасу өтті.

Жастар ісі жөніндегі кеңес – қолданыстағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңда айқындалған нормалар шеңберінде облыс, қала және аудан әкімдіктері жанында жұмыс істейтін консультациялық-кеңесші орган.

«Әкімдіктер жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестерді қайта форматтау жергілікті жерлерде белсенділерге жаңа мүмкіндіктер туғызып, оларды шешім қабылдау процесіне араластырып, өңірлердегі атқарушы биліктің қызметін жас аудиторияға дұрыс жеткізіп, оларды жақын ете түседі. Біз үшін нақты оң өзгерістерге ерекше назар аударып, жастардың белсенділігін арттырып, олардың қоғамдық процестерге азаматтық тұрғыдан қатысу мүмкіндігін кеңейтудің маңызы зор», – деді Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов.

Пікір алмасу барысында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы өңірлік кеңестердің жұмысын қалыптастыру мен ұйымдастыруға деген көзқарастардағы ықтимал өзгерістер туралы болжам жасады.

«Өңірлердегі Жастар ісі жөніндегі кеңестерді дамыту сұрақтарын жастармен бірлесіп талқылау тиімді әрі оңтайлы шешімдерді әзірлеудің маңызды құрамдас бөлігі екені анық. Негізгі аудиторияның ұстанымын ескермесек, кез келген бастама қағаз жүзінде жақсы көрінеді де, ал іс жүзінде ешқандай нәтиже бермеуі мүмкін», – деді «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Азиз Искаков.

Өз кезегінде, «Коммунити» қоғамдық қорының жетекшісі Эльмира Құрманова әкімдіктер мен облыстағы Жастар ісі жөніндегі кеңестер арасында тиімді байланыс тетіктерін құрудың маңызы зор екенін атап өтті.

Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының, «Turan Times» ақпараттық агенттігінің, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының, «Елбасы академиясының» өкілдері және қоғамдық қорлардың мен жастар ресурстық орталықтарының өкілдері қатысты.

Шара барысында қарастырылған ұсынымдарды Gov2Jastar платформасында талқылау қалың жұртшылық пен жастарды қатыстыра отырып өз жалғасын таппақ. Осы және Қазақстандағы жастар саясатын дамытуға қатысты басқа да тақырыптар туралы Gov2Jastar телеграм-каналынан (https://t.me/G2Jastar ) біле аласыздар.

Жаңартылған ұсынымдар жобасы арнайы қоғамдық талқылаудан өту үшін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми интернет-порталы мен әлеуметтік желілерінде де жарияланады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button