Жаңалықтар

«Азаматтық алаңда» мемлекеттік тілдегі балалар контенті талқыланды

Қазақстандық қоғамдық даму институтының қарамағындағы Ruh.kz порталының ұйымдастыруымен «Балаларға арналған мемлекеттік тілдегі контенттің өзектілігі» тақырыбында «Азаматтық алаң» отырысы өтті.

Онлайн форматта өткен іс-шараға «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Тулепбергенов модераторлық етті.

Отырысқа ғылыми, шығармашылық топтардың өкілдері, сарапшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары, әртүрлі үкіметтік емес ұйымдар, жастар ұйымдарының, волонтерлік ұйымдардың өкілдері мен белсенді азаматтар қатысты. Қатысушылар қоғамдық сананы жаңғырту кезінде мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілдегі контентті дамыту, ел тарихы мен мәдениетіне қызығушылықты арттыру басты мәселелердің бірі екендігі жайлы пікір алмасты.

Жиынды «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова ашты. Ол өз сөзінде мемлекеттік тілдегі балалар контентін дамытуда ҚҚДИ жұмыстарымен таныстырды.

«Біздің алдымызда аса маңызды міндет тұр. Байқап отырғанымыздай балалардың санасына анимациялық кейіпкерлердің әсері өте үлкен.  Мемлекеттік тілді балалардың арасында танымал етіп, оларды сапалы контентенпен қамту үшін халықаралық мультфильмдерді өз тілімізге аудару маңызды. Мұндай практикалар бірқатар елдерде оң нәтиже көрсетті. Биылғы балалар жылында елімізде Tiji және Nickelodeon арналары қазақ тілінде көрсетіле бастады», – деп түйіндеді Әсем Қайдарова.

«Азаматтық алаңда» мемлекеттік тілдегі балалар контенті талқыланды

«Balapan» телеарнасының директоры Қымбат Досжан арнаның жұмысымен таныстырып, контент өндіру барысындағы мәселелермен бөлісті.

«Бұрын контент көбінесе 12 жасқа дейін балаларға арналып көрсетілетін, 2019 жылдан бері бұл шектік мөлшер 8 жасқа дейін түсірілді. «Balapan» телеарнасы Орталық Азиядағы балалар контентін өндіретін алғашқы арна екенін ұмытпаған жөн. Айта кететін жайт, арна өнімдері шет елдергеде сатыла бастады. Біздің қазақстандық анимациялар ағылышын, испан, португал тілдерінде көрсетілуде. Сонымен қатар «Balapan» телеарнасы көптеген халықаралық байқауларға қатысып, жеңіске жетті. Қазіргі таңда арнаның басты мәселесі – бюджеттің аздығы, 17 сағаттық эфир сеткасын толтыру қиынға соғуда. Себебі, біздің анимациялық роликтеріміз 5-6 минуттан, бағдарламар 20 минуттан. Балалар жылы бітсе де, қай уақытта да балаларға жақсы контент беру міндетіміз», – деді ол.

«Азаматтық алаңда» мемлекеттік тілдегі балалар контенті талқыланды

Ұйымдастырылып отырған шараның маңыздылығын сөзге тиек еткен Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалы директорының орынбасары Олжас Қасым қазақ тілінде балаларға арнлаған әуендерді дайындап, насихаттауды ұсынды.

Youtube желісінде балаларға арналған қазақ тілінде контент бастаған «Bilimland Kids» жобасының жетекшісі, бейнеинженер Назымбек Шардарбеков тұтынушылар аз болғандықтан, қаралымдар да жиналмайтындығын айтты.

«Қазіргі таңда орыс тілінде контент көп болғандықтан балалардың тілі орысша шығып жатқандығын байқап жүрміз. Біз сол себепті де мемлекеттік телеарналарға қарап отырмай Youtube желісінде қазақша контент жасай бастадық. Балалар қазақша сөйлеу үшін әндерді де шығара бастадық. Танымал «Baby shark» тағы сол сияқты бірнеше әуендерді өңдеп, қазақша нұсқасын жасадық. Өкінішке орай, қазақ тілінде контент тұтыну аз болғандықтан, тиісті қаралымдар да жиналмайды», – деді.

Отырыс соңында қатысушылар өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын айтты.«Азаматтық алаңда» мемлекеттік тілдегі балалар контенті талқыланды

Басқа жаңалықтар

Back to top button