Сарапшылар бағаны

Қазақтың болмысына жақын жиын

Бауыржан Серікбаев – Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:

Жалпы құрылтай дегеніміз – қазақтың дүниесіне, болмысына жақын құбылыстардың бірі. Ұлттық құрылтай деген ұғымның өзі қазақ халқына жақын, жылы сөз. Бұл – елді біріктіретін сөз. Себебі бұл ұғымда дала демократиясының ажырамас бір бөлігі жатыр.

Кезінде тарихымызда ел басына күн туған заманда елдің бетке ұстар азаматтары жиналып, құрылтайда елде туындаған мәселелерді көтеріп, дер кезінде шешіп отырған. Сондықтан да бұл дала демократиясына жататын қазаққа жақын дүниелердің бірі.

Қазіргі құрылып жатқан құрылтайдың жауапкершілігі орасан, одан халықтың күтіп отырған үміті де зор. Бүгінгі таңда әлемдегі геосаяси жағдай да күрделі. Мемлекетімізде «Екінші республика», «Жаңа Қазақстан» ұғымдары пайда болып, реформалар жүріп жатыр. Осындай кезеңде елді толғандырған мәселелер құрылтайда елге танымал тұлғалармен көтеріліп, шешілгені – бірлігімізді, арттыратын дұрыс бағыттардың бірі. Құрылтай құрамына енген тұлғалардың тізімін қарасаңыз, әртүрлі саланың өкілдері бар, ғалымдар да, депутаттар да, жас саясаттанушылар да, қоғам белсенділері де, жалпы елге танымал адамдар осы құрылтайға мүше болды. Осы жерде елімізді толғандырып жүрген мәселелердің барлығы құрылтайда көтеріліп, нақты шешу жолдары ұсынылып, Үкіметпен тығыз жұмыс істеп, олар тарапынан тиісті шаралар қабылданатын, түйткілді мәселелер шешілетін бір құрылым болары сөзсіз.

Мемлекет басшысының бастамасымен құрылғаннан кейін Ұлттық құрылтайдың Қазақстан заңдарының шеңберінде нақты әрекет ететін мүмкіндіктері пайда болады. Құрылтайда қазіргі кездегі экономикалық мәселелер, қоғамдық үйлесім, Жаңа Қазақстан қай бағытта дамуы керек, еліміздегі әлеуметтік мәселелер қарастырылып,  Президент жанындаға консультативтік-кеңесші орган Қазақстанның ұзақмерзімді даму перспективаларын анықтайтын құрылымға айналады деп сенемін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button