Жаңалықтар

Конституциялық реформа: мемлекеттік басқаруды трансформациялау тақырыбында «Sarap» отырысы өтті

11 мамыр күні Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Конституциялық реформа: мемлекеттік басқаруды трансформациялау» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті. Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Отырысқа қатысқан Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері референдум өткізу мәселесі бойынша өз көзқарастарын білдірді, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы қатынастарда конституциялық реформаның рөлін, халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейтуді және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшейтуді талқылады.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі Самат Нұртазаның модераторлығымен өтті.

Конституциялық реформа: мемлекеттік басқаруды трансформациялау тақырыбында «Sarap» отырысы өтті

Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева өз сөзінде бүгінгі таңда басты міндет азаматтарды Конституцияға өзгерістер мен түзетулер туралы хабардар ету екендігіне назар аударды.

«Бұл қарапайым азаматқа не береді, не өзгереді, осыны түсіну өте маңызды. Конституция Парламенттің қабылдауымен бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Бұл заңды процесс және мұндай тәжірибені осы жолы да қолдануға болатын еді. Бірақ, қазіргі Мемлекет басшысы қабылдаған саяси қадамдардың бірізділігі «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен көрініс табады: Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықтың пікірін есту маңызды. Өз азаматтарын тыңдау, олардың пікірін білу билік пен халық арасындағы қарым-қатынаста терең сенімге тең», – деп есептейді спикер.

Конституциялық реформа: мемлекеттік басқаруды трансформациялау тақырыбында «Sarap» отырысы өтті

Референдум өткізу туралы жаңалыққа «Белсенді Азамат» қоғамдық қорының Төрағасы Гамал Түзелбаев та түсініктеме берді. Оның пікірінше, елдің әрбір азаматы референдумға қатысудың маңыздылығын сезінуі тиіс.  Сонымен қатар, ол Үкіметтің атқарушы билік институты ретінде қаңтар оқиғаларынан кейін азаматтардың сенімін қалпына келтіруі керек екенін атап өтті:

«Әрине, қазір ұсынылып отырған Конституцияға енгізілетін өзгерістер қоғамды одан әрі демократияландыруға, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерінде мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталғаны қуантады. Егер қаңтар оқиғасының ауыр зардаптары болмаса, Үкіметтің отставкаға кетуі мүмкін емес еді. Өкінішке орай, бүгінде ҚР азаматтары үкіметтің бұрынғы құрамы жол берген әлеуметтік-экономикалық мәселелердің салдарын әлі де бастан кешуде. Сатып алу қабілетінің төмендігі, көлеңкелі монополиялар, рейдерлік, алаяқтық, сыбайлас жемқорлық, елдегі тауарларға түсініксіз баға белгілеу, жеке тұрғын үй сатып алуға қол жетімділіктің төмен деңгейі, заңнамадағы олқылықтар. Демек, Үкіметке заң күші бар уақытша нормативтік құқықтық актілерді өз жауапкершілігіне алу құқығын бере отырып, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты НҚА-ны қоғамдық талқылау нормаларын елемей, қайта бетпе-бет келу қаупі бар екені белгілі болды».

Халықаралық құқық саласындағы сарапшы-талдаушы, ҚР СІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Лилия Испенбетова дауыс берудің практикалық мәселелеріне тоқталды.

«Референдумды дайындау мен өткізу:

1) орталық референдум комиссиясының функциясын орындайтын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы;

2) аумақтық референдум комиссияларының функцияларын орындайтын Қазақстан Республикасының аумақтық сайлау комиссиялары;

3) учаскелік референдум комиссияларының қызметін атқаратын учаскелік сайлау комиссиялары жүзеге асырады».

Лилия Испенбетова дауыс беру учаскілерінде нені қарастыру керектігін де атап өтті:

Дауыс беруге арналған учаскілерде әртүрлі тактильді индикаторлар болу қажет; тірек-қозғалыс аппаратының функциялары бұзылған, мүгедектер арбасын пайдаланатын адамдардың кіру мүмкіндігін ескере отырып, жасырын дауыс беруге арналған кабина; мүгедектерге арналған арнайы жабдықталған орын (бұрыш), құрамында: нұсқаулықтың 6-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтуы тиіс мониторы бар компьютер; құлаққаптар; қосымша жарықтандыру және т.б. қамтылу қажет»

Конституциялық реформа: мемлекеттік басқаруды трансформациялау тақырыбында «Sarap» отырысы өтті

«Eurasian Expert Council Foundation» қоғамдық қорының Президенті Шыңғыс Лепсібаев өз сөзінде референдум – халықтың тікелей заң шығаруын білдіретін демократияның маңызды институты екенін атап өтті.

«Бұл мемлекет және әрбір азаматтардың маңызды шешімдер қабылдауда қоғамның қатысуының бір тәсілі. Тұлғаның қабылдаған шешімі процедураның нәтижесіне әсер етеді, сондықтан да осы мәселе бойынша оның хабардар болғаны маңызды. Референдумның шарттары мен тәртібі тиісті елдердің Конституциялары мен заңдарымен реттеледі».

Отырысқа қатысушылар референдумды өткізу идеясын қолдап, Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы саяси институттардың құрылымдық қайта құруларын қамтитынын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 5 мамырда Қазақстан Президенті республикалық мемлекеттік телеарналар эфирінде референдум өтетіні туралы хабарлаған болатын.

«Бүгін мен 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар қабылдау мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойдым. Конституциялық түзетулер жобасы бойынша азаматтардың жалпыға бірдей дауыс беруі біздің демократиялық қағидаттарға берік ұстанымымызды көрсетеді. Алдағы референдум әрбір азаматтың Қазақстанның болашағын айқындайтын тарихи оқиғаға тікелей қатысуына мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button