Жаңалықтар

Қазақстан колледждері арасында «Нео-фольклор» стиліндегі киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы өтті

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты және «Асыл-Дизайн» ғылыми-өндірістік сән және ассортимент орталығы 2022 жылғы 3-7 мамыр аралығында Тараз қаласында жыл сайынғы «Aspara Fashion Week» сән апталығы аясында Қазақстан колледждері арасында «Нео-фольклор» стиліндегі киім дизайнерлерінің ұлттық байқауын ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты жастар арасында ұлттық ою-өрнектерді, дәстүрлі қолөнер мен киім дизайны элементтерін қайта жаңғырту, дамыту және одан әрі танымал ету. Байқауға Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан және өңірлерден «Киім дизайны» және «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары бойынша Қазақстанның 25 колледждерінің 45 студенті қатысты.

Жалпы, байқауда 7 облыс және 3 республикалық маңызы бар қала белсенділік танытқан: Түркістан облысы – 12,  Жамбыл облысы – 10, Алматы қаласы – 7, Шымкент қаласы – 4,  Нұр-Сұлтан қаласы – 3, Маңғыстау облысы – 3,  Шығыс-Қазақстан облысы – 3,  Ақмола облысы – 1, Ақтөбе облысы – 1 және Павлодар облысы – 1 студент.

Сонымен қатар, Нидерланд, Германия, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан және Татарстан елдерінен келген қазылар алқасының мүшелері, дизайнерлер, бизнес-тренерлер, ұлттық киім бренд құрастырушылары өзекті тақырыптар бойынша 6 шеберлік-сағаттар, тренингтер мен воркшоптар өткізді.

Қазақстан колледждері арасында «Нео-фольклор» стиліндегі киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы өтті

Атап айтқанда, 4 мамыр күні – Ресей Федерациясының суретшілер шығармашылық одағының мүшесі, дизайнер-стилист Раф Сардаровтың «Киімді жобалаудың заманауи әдістері» тақырыбында және Еуразиялық этно-дизайнерлер қауымдастығының мүшесі, Қырғыз Республикасы Дизайнерлер одағының мүшесі, доцент Салиев Султанның «Коммерциялық коллекцияларды жобалаудың заманауи әдістері» тақырыбында шеберлік сағаттары өтті.

5 мамыр күні – Қазақстан құрақ шеберлері қауымдастығының президенті, құрақ гильдиясының мүшесі Тамара Штрошерер «Тоқыма бұйымдарын сәндік өңдеу және безендірудегі «Bernina» тігін машиналарының мүмкіндіктері» тақырыбында және Қырғызстанның халықаралық деңгейдегі жаттықтырушысы, дизайнер Воротникова Татьянаның «Құрак» техникасын қолданатын заманауи киімдерді жобалау әдістері» тақырыбында шеберлік сағаттары өтті.

6 мамыр күні – Нидерландыдағы «Diversity Fashion Week» бас директоры Сенсемиэль Летисиа Джозефинаның «Әлемдік сән индустриясындағы авторлық топтамалардың тұсаукесері» тақырыбында және  Өзбекстанның дизайнері, консалтинг шеберлері қауымдастығының мүшесі, бизнес жаттықтырушы Лола Сайфидің «Заманауи жағдайларда дизайн өнімдерін басқару және маркетинг» тақырыбында шеберлік сағаттары өтті.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын ары қарай танымал ету, қазақтың ұлттық киімін, әшекей бүйымдарын жаңғырту мақсатында «Нео-фольклор» стиліндегі киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы барысында Жамбыл облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Руханият» көрме залында ұлттық киімдер көрмесі өтті.

Сонымен қатар, «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық сән апталығының IX маусымымен бірлесіп «Қазақтың ұлттық киімі және әлемдік көзқарас» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Конференцияға Ұлыбритания, Түркия, Татарстан, Франция, Нидерланды, Германия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Монғолия, Кувейт және Қазақстанның 38 өкілі онлайн және офлайн түрде қатысты.

Нәтижесінде Қазақстанның және шетелдердің дизайнерлері мен сән индустрия өкілдерінің арасындағы өзара тәжірибе алмасу болды. Кәсіби қарым-қатынас орнату барысында қазақтың ұлттық киім элементтерінің, ою-өрнектерінің мәні мен маңызын жұртшылыққа, жастарға толық түсіндіруге, халықаралық деңгейде танымал етуге басым бағыттар айқындалды.

Байқаудың нәтижесінде Гран-при иегері Жамбыл облысы, Тараз қаласы, «Аспара» мәнерлік өнер және бизнес колледжінің «Киім дизайны» мамандығының студенті Милана Уварова, І орын иегері Шымкент қаласы, «Жеңіл өнер кәсіп және сервис» колледжінің студенті Ардақ Жайшыбек,                ІІ орын иегері Алматы қаласы, «Алматы сән және дизайн» колледжінің студенті Анель Махамбетова және ІІІ орын иегері Шымкент қаласы, «Жеңіл өнер кәсіп және сервис» колледжінің студенті  Айгерім Досова атанды.

Қазақстан колледждері арасында «Нео-фольклор» стиліндегі киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы өтті

Байқаудың барлық жүлдегерлерге Швейцария, Германияның тігін машиналары және 6 номинация иегерлеріне «Асыл-Дизайн» сән үйінің авторлық маталар жиынтығы табысталды.

Қосымша Еуропа мен Азиядағы түрлі этникалық сән апталықтарының негізін қалаушы, түрік дизайнер Айдын Ачик 2022 жылғы тамыз айында Кападокияда өтетін сән апталығына Тараз қаласы, «Аспара» мәнерлік өнер және бизнес колледжінің студенті Милана Увароваға,  қыркүйек айында Туркияда өтетін сән апталығына Алматы қаласы, «Алматы сән және дизайн» колледжінің студенті Анель Махамбетоваға және қазан айында Мадридте өтетін сән апталығына Нұр-Сұлтан қаласы, «Қоғамдық тамақтандыру және сервис» колледжінің студенті Камила Батбаеваға жолдамалар табыстады.          Халықаралық деңгейде өтетін сән апталықтарында колледж студенттері өздерінің «Нео-фольклор» стиліндегі, қазақтың өю-өрнектерімен безендірілген, заманауи нақышта жасалған топтамаларын таныстырады.

Қазақстан колледждері арасында «Нео-фольклор» стиліндегі киім дизайнерлерінің ұлттық байқауы туралы ақпараттар БАҚ-та және ҚҚДИ ресми сайты мен Ruh.kz порталында, «Aspara Fashion Week», «Aspara_neofolklor» Youtube,  Instagram,  Facebook әлеуметтік парақшаларында кеңінен жарияланып, байқаудың барысы мен салтанатты марапаттау рәсімі тікелей эфирде көрсетілді.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button