Жаңалықтар

«Референдум 2.0: эксперттік пікір»

3 мамыр күні Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Референдум 2.0: эксперттік пікір» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті. Шараны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Отырысқа мемлекеттік органдардың өкілдері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Эксперттік клубтың қатысушылары референдумның Жаңа Қазақстанды құрудағы негізгі рөлін талқылады, сондай-ақ дауыс беру қорытындылары елдегі қоғамдық-саяси жағдайға қалай әсер ететініне талдау жасады.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасының кеңесшісі Самат Нұртазаның модераторлығымен өтті. Ол отырыс тақырыбын жария етіп, Қазақстанда республикалық референдумға толыққанды дайындық басталатынын атап өтті.

«Sarap» эксперттік клубының отырысын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев ашты.

«Референдумның өткізілуі қоғамдағы саяси мәденниеттілікті көтеруге, азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға және саяси аренада жаңа бағыттағы саяси өзгерістерге алып келетін бастамалардың бірі. Ең бірінші, өзгертулер саяси партияларға қатысты. Референдум арқылы халықтың болашақтағы өзгерістерге шынайы қаншалықты қатыса алатындығын көре аламыз, бұл бір. Екінші, әлемде орын алып жатқан геосаяси өзгерістердің барлығы біздің елдегі саяси мәдениеттің жаңа бір деңгейін қалыптастырады деп ойлаймын. Үшінші, сенат пен мәжіліс арасындағы қарым-қатынас мәселесі, енді бұдан былай мәжіліс тікелей заңнама бойынша шешімдерді қабылдайды», – деді Елнұр Бейсенбаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша жалпыұлттық референдум өткізу туралы ұсынысына ҚР Парламенті Сенаты аппараты басшысының орынбасары Максим Споткай түсініктеме берді. Өз сөзінде ол мұндай референдум 27 жыл бұрын, қолданыстағы Конституция қабылданған кезде өткенін атап өтті:

«Конституциялық реформа жекелеген баптарға емес, бүкіл Негізгі Заңның үштен бір бөлігіне қатысты түзетулер енгізуді көздейді. Сондықтан жалпыұлттық референдум арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізу орынды. Бұл өте маңызды саяси шешім».

«Amanat» партиясы қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы, саясаттанушы Ерлан Ахмеди де «Жаңа Қазақстан» үшін референдум өткізудің маңыздылығы туралы айтты.

«Жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру барысында, азаматтар тікелей ерік білдіру арқылы мемлекеттік құрылыстың маңызды мәселелері бойынша дауыс берген кезде тікелей демократия құралдарын пайдалану қажет. Мен әлемдегі ең дамыған он елдің қатарында болатын демократиялық бәсекелі мемлекет құра аламыз деп санаймын. Саяси реформаларсыз, мықты институттарсыз мемлекет ешқашан табысты болмайды», – деп қорытындылады спикер.

«ҚҚДИ» КеАҚ Стратегиялық талдау тобының жетекшісі Лязат Нұрқатова Президенттің Конституцияға түзетулері бойынша республикалық референдум өткізу туралы ұсынысын қолдады. Оның айтуынша, бұл елдің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік береді:

«Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі барлық саяси жүйені түбегейлі өзгертуде, бұл «косметикалық» жөндеу емес. Біз күшті парламенті бар президенттік республика жолында тұрмыз. Президенттің бастамалары Конституцияның 98 бабының 30-дан астамын өзгертуді және 20 жаңа заң қабылдауды талап етеді. Мемлекет Басшысы айтқандай «біз әртүрліміз – біз теңбіз» қағидаты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұстанамыз». Саяси жүйе мен ел өмірін жаппай либерализациялау басталды. Мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың өзге де моделі құрылуда, олар Негізгі Заңның жаңа редакциясында айқындалатын болады. Халықтың өзі Референдум арқылы таңдау жасауы дұрыс».

Сонымен қатар, Лязат Нұрқатова өлім жазасының жойылуына қатысты түсініктеме берді:

«Өлім жазасын алып тастау мәселесін дүние жүзіндегі заңгерлер де, құқық қорғаушылар да көптен бері талқылап келеді. Конституцияның 15-бабының 2-тармағын өзгерту жүйені либерализациялаудағы маңызды үрдісі болып табылады. Менің ойымша, қылмыскерлерді ұзақ, кейде өмір бойы оқшаулау қылмыс мәселесін шешудің және әлеуметтік бақылауды қамтамасыз етудің панацеясы болуы мүмкін деген сенімді насихаттау қылмыс пен қатыгездіктің түпкі себептерін шеше алмайды. Конституция бабындағы түзету қаншалықты «жұмыс істейтінін» уақыт көрсетеді. Шамамен екі-үш жылдан кейін қоғамдық пікір қалыптасады деп ойлаймын, әсіресе атышулы істерде».

Саяси реформалардың партиялар арасындағы бәсекені арттыруға берер әсері туралы саясаттанушы Бауыржан Серікбаев өз пікірін білдірді:

«Партия құруға қажетті мүшелер санының төмендетілуі елімізде саяси ұйымға біріккісі келетін азаматтардың белсенділігін арттыруға ықпалын тигізеді. Қазірдің өзінде саяси партия құруға ниетті бастамашыл топтар құрылып жатыр. Партиялардың Парламентке өту  шегінің түсірілуі бүгінгі таңда елімізде тіркелген саяси партиялар арасындағы бәсекелестікті күшейтеді. Президенттің саяси партия төрағалығынан кетуі, барлық облыс, қала мен аудан әкімдері, олардың орынбасарлары партия филиалдарының төрағалығында болмауы бір саяси партияның доминантты рөлден кетіп, барлық партияларға тең мүмкіндіктер береді. Партия құру үшін өңірлердегі мүшелер санын 600-ден 200-ге түсіру бастамасы болашақта құрылуы мүмкін партиялар үшін үлкен жеңілдік болмақ. Өз кезегінде можаритарлық жүйенің енгізілуі жеке азаматтардың да белсенділігін арттырып, азаматтық қоғамның дамуына ықпалын тигізеді. Аталған өзгерістер ел азаматтарының саяси белсенділігін көтеріп, қоғамның саяси реформалар мен ел өміріне белсенді араласуына оң ықпал етеді».

Конституция халықтың барлық топтарына және әрбір азаматқа тең мүмкіндіктер беруі тиіс. Мұндай пікірді ҚҚДИ эксперті Жиембет Жұмағұл білдірді.

«Бұл қадамдар тәуелсіздік тарихындағы жаңа кезең. Кез келген жағдайда Қазақстан уақытпен бірге қадам басып, алға жылжуы тиіс. Конституция догма емес, әлемнің көптеген елдерінде осы құжатқа түзетулер енгізілуде, осы тәжірибені ескеру қажет. Біз еліміздің дамуы үшін ашылатын мүмкіндіктерден бас тартпауға тиіспіз. Түзетулердің бірі саяси партияларды тіркеуді оңайлатуды көздейді, яғни азаматтардың партиялық кеңістік арқылы елдің саяси өміріне қатысуға нақты мүмкіндігі пайда болады. Алдағы өзгерістер біздің елімізге мемлекеттік модельдің жаңаруына, оң өзгерістерге алып келеді және Жаңа Қазақстанның қалыптасуына ықпал етеді деп ойлаймын», – деп қорытындылады спикер.

Естеріңізге сала кетейік, 29 сәуірде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында сөйлеген сөзінде Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша референдум өткізуді ұсынған болатын.

«Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады. алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын. Референдум – аса маңызды демократиялық институт. Конституцияны жалпыхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту халық қалауының айқын көрінісі болады деп есептеймін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Басқа жаңалықтар

Back to top button