БАҚ біз туралы

Ұлттық құрылтайдың аспектілері қарастырылды

Бүгін Қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Ұлттық құрылтай – қоғамдық диалогтың жаңа моделі» атты «Sarap» эксперттік клубының отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.

Отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері мен ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Эксперттік клубтың қатысушылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында бастамашылық еткен «Ұлттық құрылтай» жаңа қоғамдық институтының іске асырылуын талқылады. Атап айтқанда, қазіргі замандағы Ұлттық құрылтайдың негізгі аспектілері қарастырылды.

Іс-шара «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдиновтың модераторлығымен өтті. Ол жаңа құрылым Ұлттық кеңестердің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастыратыны туралы Президенттің тезисін келтірді.

«Жаңа институттың рөлі мен міндеттері ерекше және Жаңа Қазақстанды құруда тарихи маңызға ие. «Ұлттық құрылтай» қоғамдық диалогтың бірыңғай моделін қалыптастырып, билік пен халық арасын байланыстырушы көпірге айналуы тиіс. «Ұлттық құрылтайдың» басты мақсаты – жалпыұлттық диалогтың шекарасын кеңейту», деді ҚҚДИ басшысы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин Президенттің қоғам мен мемлекет арасындағы қатынастарды трансформациялау қажеттілігі туралы бірнеше рет айтқанын атап өтті.

«Біздің Президенттің Қазақстанды жаңартуға, дұрыс жолға бағыттауға деген игі ұмтылысы бар. Ал біз, бүкіл ел, оны бірауыздан қолдауымыз керек! Мұндай трансформация, ең алдымен, парламент жұмысында, Мәжіліс қабырғасында басталуға тиіс. «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының атынан Парламент қабырғасында қоғам өмірін жақсартуға қатысты ең өзекті сұрақтарды көтеріп, халықтың мәселелерін уақтылы шешу үшін қарқынды жұмыс атқарамыз деп айта аламын. Депутаттар халықтың руханиятын нығайтуға, оның әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмысқа мүдделі. Менің ойымша, бұл да жаңа институттың функцияларына кіреді. Ұлттық құрылтайдың үлкен артықшылығы барлық облыстық қоғамдық кеңестерді өзіне шоғырландырады. Бұл түрлі пікірлердегі барлық өкілдерді қамтитын құрылымды қалыптастырады»,  деп қорытындылады Еділ Жаңбыршин.

Ұлттық құрылтай құрамы туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров та өз пікірін білдірді.

«Жаңа кеңесші орган Қазақстанның барлық облыстарында жұмыс істейді. Бұрын облыстық және аудандық деңгейде болған барлық қоғамдық кеңестер «Ұлттық құрылтай» форматына енеді», деді депутат.

AMANAT партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Саясат Нұрбек елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруда «Ұлттық құрылтай» құрудың маңыздылығын тілге тиек етті.

«Жаңа Қазақстанды жаңа қағидаттар мен жаңа жұмыс форматтарынан бастау керек. Жаңа «Ұлттық құрылтай» институтын құру барлық ұлттық жобалар мен стратегиялық құжаттарды ашық талқылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл – мемлекет пен жұртшылықтың ел дамуының неғұрлым тиімді моделін әзірлеу жөніндегі ортақ жұмысы».

Отырыс барысында сарапшылар жаңа институттың қандай функциялары мен өкілеттіктері болуы тиіс екендігі туралы өз көзқарасын айтып, пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ отырысқа қатысушылар қоғам мен мемлекет арасында тұрақты кері байланысты қалыптастыру жөніндегі қадамдарды талқылады.

egemen.kz

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button