Сарапшылар бағаны

Қоғамдық кеңестер жұмысы қайта құрылады

Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазыбек Майгелдинов:

Мемлекет басшысы биыл 16 наурыздағы Жолдауында Азаматтық қоғам институттарын бірнеше бағыт бойынша нығайту көзделіп отырғанын айтты. Оның ішінде осы институттар қатарына жататын саяси партиялар, ҮЕҰ, сонымен қатар қоғамдық кеңестердің жұмысын нығайтуға байланысты бірнеше бастамалар айтылды. Бұл жаңа саяси реформалар негізінде жасалмақ. Көп партиялы жүйені дамытуға байланысты партия тіркеуін бес мыңға дейін азайту, өкілеттіктерінің санын кеміту туралы айтылды, мұның барлығы саяси партиялар және сайлау туралы заңнамаларға өзгерістер енгізу арқылы алдағы уақытта еліміздегі көп партиялы жүйенің дамуына әсер етеді. Сонымен бірге жергілікті өңірлердегі белсенді азаматтардың, азаматтық қоғам өкілдерінің саяси үрдіске қатысуын нығайту үшін қоғамдық кеңестер жұмысын қайта құру ұсынылып отыр. Әсіресе, қоғамдық кеңестер қазіргі таңда бюджетті оңтайландыру, сонымен қатар әлеуметтік экономикалық дамудың басты бағыттарын анықтауда мәслихаттармен қатар жергілікті өзін-өзі басқарудағы бақылау органдарының бірі болып саналады. Сонымен бірге 2019 жылы Президенттің Жарлығымен құрылған Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық кеңестің аясын кеңейту көзделіп отыр. Ұлттық құрылтай құрылатын болады. Бұл құрылтайдың басты мақсаты – құрамына барлық өңірлерден және ҮЕҰ, Азаматтық альянстан, жалпы бүкіл қоғамдағы әртүрлі саяси күштерден өкілдер қосу арқылы еліміздің дамуына қажет бастамалар көтеретін алаңға айналу. Сондықтан болып жатқан өзгерістерде әрбір азаматтың үлесін арттыру үшін осындай үш бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

astana-akshamy.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button