Сарапшылар бағаны

Сарапшылар Жолдау туралы: Халықтың көкейінде жүрген мәселелер шешімін тапты

Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеушісі Аян Сакошев Жолдауда бұл жолы кең көлемде реформалар жарияланғанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл реформалар ел дамуының жаңа сатысын көрсетеді. Сондай-ақ ол барлық процесті демократизациялау арқылы қоғам алдында ашықтық және есептілік принципі қалыптасатынын атап өтті.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеушісі Аян Сакошев Жолдауда бұл жолы кең көлемде реформалар жарияланғанын жеткізді. Оның сөзінше, бұл реформалар ел дамуының жаңа сатысын көрсетеді. Сондай-ақ ол барлық процесті демократизациялау арқылы қоғам алдында ашықтық және есептілік принципі қалыптасатынын атап өтті.

«Жолдауда мемлекет басшысы өзінің өкілеттігін біртіндеп қысқарту арқылы Парламенттің рөлін арттыру керек екенін айтты. Мұндай жағдайда Парламентке қоғам тарапынан бақылау да күшейеді. Орталық деңгейдегі органдардың жұмысына және жергілікті деңгейдегі өзін-өзі басқару органдарының мәртебесін көтеру бойынша да реформалар жасалады», – деді Аян Сакошев.

Ол бұл Жолдауда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының әрі қарай жүзеге асқанының дәлелі – жаңа облыстардың пайда болуы екенін атап өтті.

«Семей, Жезқазған, Талдықорған қалаларының жағдайын өңір тұрғындары бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Қалалардағы инфраструктураны дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту да күн тәртібіндегі мәселелердің қатарында. Бұл қалаларда миграциялық сальдоның күшейіп жатқанын тағы көріп отырмыз. Көбінесе жастардың, әсіресе талантты кадрлардың қоныс аударып жатқанын да өзекті проблема ретінде атауға тиіспіз. Сондықтан облыс орталығы мәртебесін бергеннен кейін, олардың жеке аймақ ретінде дамуына және қаланың қайта гүлденуіне мүмкіндік беретін механизмдер жасалады деп ойлаймын», – деді қоғамдық даму институтының зерттеушісі.

Сарапашының сөзіне қарағанда, биылғы маусым айынан бастап аталған өңірлер жеке облыс ретінде белгіленетін болады. Яғни олардың жеке бюджеті нақтыланады, жеке басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік органдар ашылады. Бұл аймақтағы жалпы халықтың өз өңірін дамытуына атсалысуға жағдай жасайды.

«Аталған қалалардың облыс орталығына айналуы өңірге инвестиция тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға жол ашады», – деп толықтырды ол.

Аян Сакошев Жолдауда көрсетілген тағы бір өзекті мәселенің бірі – мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруды сөз етті. Оның айтуынша, кейбір мемлекеттік органдардың басшылары бірқатар жауапкершіліктен, қазіргі кезде туындаған әртүрлі мәселелерден қашып отыр. Сондай-ақ белгілі бір шешімдер шығарылып, құжаттар қабылданғанымен, түсіндірме жұмыстары дұрыс жүргізілмейді.

«Біз, осы орайда мемлекеттік органдардың бюрократиядан алшақтап, олардың нақты мәселелерді шешумен айналысу керектігін айтуымыз керек. Олар қоғам мен Парламент алдында қабылданған әртүрлі шешімдер бойынша жауап берулері тиіс. Яғни басшылық лауазымдағылардың жауапкершілігі қаралу керек. Ал өңірлік деңгейдегі жергілікті мемлекеттік органдар мәслихаттың алдында нақты жауап беруі қажет», – деді ол.

Сарапшының пайымынша, уақыт өте келе мемлекеттік органдардың, шенеуніктердің берген уәделері негізінде нақты сұраулар жүргізілетін болады. Бұл халық атынан сайланған депутаттардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Осылайша, депутаттардың жауапкершілігі артады. Сондықтан бұл жүйені қолдаймыз. Азаматтық қоғам бұл сайлау жүйесіне дайын», – деді ол.

inform.kz

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button