Жаңалықтар

«SARAP» эксперттік клубының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» тақырыбындағы кезекті отырысы өтті

Бүгін Қазақстан қоғамдық даму институтының алаңында «SARAP» эксперттік клубының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» тақырыбындағы кезекті отырысы өтті.

Естеріңізге сала кетейік, наурыз айының 16 күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жасаған болатын.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған бұл Жолдауында саяси жүйені кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды.

 «Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл халық үнінен құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан, тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз. Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, саяси реформаларды жүзеге асыру аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің өкілеттігін  қайта қараудың маңызды екеніне тоқталып, бұл ретте суперпрезиденттік жүйеден мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшу мәселесіне назар аударды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының өз өкілеттігі кезінде партияға мүше болуын тоқтату міндетін заңнамалық тұрғыдан ресімдеуді, әкімдер мен олардың орынбасарларының партия филиалдарындағы қызметіне тыйым салуды ұсынды.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшыларының пікірінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ»  атты Жолдауындағы ұсынымдары әлемдік саяси дағдарыс кезеңіндегі және қайғалы қаңтар оқиғаларынан кейінгі елді одан әрі дамытуға және саяси жаңғыруға бағытталған президенттік басқару жүйесінен парламенттік басқару жүйесіне өту, парламент пен жергілікті басқару тетіктеріне сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделі енгізу бастамалары мемлекет дамуының нақты векторларын анықтап берді.

Жиынға Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасының орынбасары Төлепбергенов Аманбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Иса, Аманжол Әлтай, «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіп, экономика ғылымдарының докторы Сапарбай Жұбаев, AMANAT партиясының Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Құсайынова Мәриямгүл, қоғам белсенділері Серікқазы Көкенай, саясаттанушылар Мейрам Иманбаев, Белгібаев Серік және де Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшы-мамандары қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты Мемлекет Басшысының Жолдауында айтылған саяси-әлеуметтік бағыттағы реформалар мен ұсыныстар кешенін сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерімен бірге ойталқысынан өткізу.

«SARAP» эксперттік клубының отырысын ашқан Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов күн тәртібіндегі қазақстандық саяси өмірдің негізгі жаңғыру тетіктері мен Жолдаудағы әлеуметтік блоктың дамуына берілген басымдылықтар  жөніндегі пікірлерімен бөлісті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Исаның пікірінше, Президенттің бұл Жолдауы осыған дейінгі жолдаулардан ерекше, себебі қазақстанның саяси тарихына жазылатын бірқатар жаңа бастамалар көтеріліп отыр.

«Мәселен, енді кез-келген партиясыз азаматтар сайлауға қатыса алады. Бізде көптеген қоғам белсенділері мен зиялы азаматтарымыз партияда емес. Солар ертең 30% мажоритарлы тізім бойынша сайлауға түсіп, депутат атана алады. Сосын, Жолдау көтеріп отырған тағы бір жағдай Парламенттің уәкілеттілігі күшейіп жатыр. Бұл өте үлкен жетістік. Бір жыл депутат болғанда көзім жеткен нәрсе, Үкімет келіспесе біз ешқандай заң жобасын өткізе алмайды екенбіз. Мен осыған байланысты бір жиында айтқанмын «онда біз не үшін депутат болып отырмыз деп?!» Бұл мәжілістің әлсіздігі еді, әлсіздігі соншалық, Сенаттан аспайтын кей заңдар! Ендігі жерде заң жобалары тура Мәжілістен шығарылатын болады», – деді Ақ Жол фракциясының өкілі.  

Өз кезегінде сөз алған «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлы Жүсіп Президент Жолдауындағы журналистер мен БАҚ өкілдерінің жауапкершілігі туралы сөзіне қатысты жауапкершіліктен бұрын, төртінші билік атанған БАҚ өкілдеріне сөз бостандығын беру керек деді.

«Жолдау туралы айтар болсақ, біз болады дегенді болды деп талқылап отырмыз. Соны естен шығармайық. Президентіміз жаңа, бастамалары жаңа, ойлары, жоспарлары жаңа, алайда сол бастамаларды орындайтын орындаушылар Үкімет басында отырғандар жаңа ма?! Осыған дейін қаншама жолдаулар жасалды, алайда соның бір есебі берілді ме?! Міне, мынау орындалды немесе мынау орындалмай қалды деп?!» – деді өз сөзінде белгілі алаштанушы.   

Сұлтан Хан Аққұлының пікіріне үн қатқан Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма Төрағасының орынбасары Төлепбергенов Аманбек: «Жолдауда айтылған реформалардың дұрыс жүргізілуін, оның шын мәнінде қоғамның, халықтың талабынан шығуын назарда ұстап, берілген тапсырмалар мен ұсыныстардың орындаушысы әрбір қазақстандық азамат болуы керек екендігін ұғынумыз шарт», – деді.

Өз кезегінде AMANAT партиясының депутаты Аманжол Әлтай Президент Жолдауындағы ұсынылған саяси реформалар кешенін тиянақты орындай алатын болсақ қана, «Жаңа Қазақстанды» құра аламыз  деген пікір білдірді.

«Президент пен қатар, аймақ басшылары, сондай-ақ Сайлау комиссиясының мүшелерінің партиядан тыс болуы, бұл алдағы келе жатқан үлкен саяси науқанның нышаны және оның шарттары әділ және адал екендігінің айғағы деп білемін», – деді мәжіліс депутаты.

Экономика ғылымдарының докторы, Қазақ технология және бизнес университетінің оқытушысы Сапарбай Жұбаев айтуынша Мемлекет Басшысының бұл Жолдауының өзі кезектен тыс жолдау болды. Себебі, қаңтар оқиғасынан кейінгі жағдай бойынша ресми билік тарапынан қандай да бір реакция болуы шартты еді. Ал бұл оқиғаның басты себебі халықтың жағдайы мен әл-әуқатының төмендеуі болатын. Өз кезегінде жалпыхалықтық әлеует жақсармай мұндай жолдаулар бола береді.

«Соңғы кездері постпандемиялық салдарлар бойынша ЖІӨ мен экономика өспей жатыр дейміз, алайда банктер мен квазимемлекеттік сектордағы институттардың баланстарына қарайтын болсақ, соңғы жылдары 20-30% пайда тауып отыр. Бұл пайда қайдан шығып жатыр деген заңды сұрақ туындайды. Міне, осындай табысты мекемелер мен табысы 1 млн. асатын азаматтарға прогрессивті салық жүйесін енгізу керек. Бұл барлық дамыған мемлекеттерде бар тәжірбие. Онан қорқып, үркудің қажеті жоқ. Сол салықтан түскен қаржыны әлеуметтік салаға бағыттауға болады. Дәл осы ойды 2019 жылы Президент Тоқаев өз жолдауында айтқан болатын. Себебі, дәл бүгін біз мемлекеттік бюджеттің 50%-ын Ұлттық Қор арқылы, ал қалған 50%-ы салықтардан ғана қаржыландырып отырмыз. Егер болашақты ойлайтын болсақ, прогрессивті салық құралын бүгіннен енгізу керек», – деді Сапарбай Досжанұлы.

AMANAT партиясының Қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Құсайынова Мәриямгүлдің Мемлекет Басшысының «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» атты Жолдауындағы жастар мәселесіне тоқталды. Жастар арасында жарық, батыл көшбасшылардың аздығы қайғылы қаңтар кезіндегі деструктивті көзқарастағы жастардың алға шығуына себеп болды.

«Ақ жол болсын, AMANAT болсын, Халық партиясы болсын алдағы уақытта ортақ Отанымыздың болашағы үшін бір мүддені көздеуміз керек деп ойлаймын. Себебі, біз тарихи шешімдер мен болашақ үшін маңызды қадамдарды бірге жасауымыз қажет және сондай кезеңде тұрмыз», – деді Қоғамдық саясат институтының сарапшысы. 

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшылары, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы өмірдің барлық салаларына әсер ететін, барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту бойынша бірқатар нақты кешенді іс-қимылдар жүйесі айтылғанын  және бұл Жолдау жалпыұлттық идеяға айналуы қажет екенін атап өтті.

 «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ

Баспасөз қызметі

https://

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button