БАҚ біз туралы

Әкімдер халыққа жақын бола түседі – сарапшы пікірі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Әкімдер халыққа жақын бола түседі. Мұндай пікірді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Серік Молдағалиев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент жариялаған Жарлығында ендігі уақытта бүкіл әкімдердің халық алдында жиі есеп беретіндігі айтылған. Бұл жерде қандай жаңалық бар? Ең бастысы барлық әкім, мәселен, облыс әкімдері жарты жылда жоқ дегенде әр ауданда және облыстық маңызы бар қалаларда бір кездесу өткізуі тиіс. Нақты цифрға жүгінер болса, айталық бір облыста 12 аудан бар дейік. Демек, облыс әкімі жарты жылдың ішінде барлық 12 ауданды аралап, халықпен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, нақты шешу жолдарын қабылдауға міндетті», – деді ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы сұхбат берген Серік Молдағалиев.

Сарапшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы Жарлығы аса қажет құжат екендігін алға тартады.

«Әрине, өте қажет құжат. Президентіміздің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында осы құжат жасақталып отыр. Оның үстіне Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» бастамасын жариялаған еді. Ал бұл Жарлықты сол үрдістердің жалғасы деп қабылдаған жөн. Сонымен қатар ендігі уақытта әкімдер халыққа жақын болады деп нақты айта аламыз», – деді ол.

inform.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button