БАҚ біз туралы

«Жаңа Қазақстан» идеясы қоғам дамуында шешуші рөлге ие болуы керек – сарапшы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл 11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құру бастамасын көтерген болатын. Осы орайда «Жаңа Қазақстан» құрудағы негізгі бағыттар мен міндеттер, саяси реформалар, «AMANAT» партиясының ендігі қызметі жөнінде Қазақстандық қоғамдық даму институты сараптау және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының басшысы, сарапшы Серік Молдағалиевпен сұхбаттасқан едік. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

– Серік Берікұлы, Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» бастамасы қоғамды біріктіретін күшке айнала ала ма?

– Әрине, «Жаңа Қазақстан» идеясы халықты біріктіретін, бір мақсатқа жұмылдыратын, қоғам дамуында шешуші рөлге ие қозғаушы күш болуы керек. Жалпы қоғам мен мемлекет қарым-қатынасының жаңа жүйесі қалыптасуда. Биылғы жылдың басы еліміз үшін ауыр, сындарлы сәттермен басталғаны бәрімізге де мәлім. Қаңтардағы дүрбелең еліміздің тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіп төндірген күрделі кезең болды. Енді өткеннен сабақ алып, мұндай қайғы-қасіретке жол бермеуіміз керек. Бұл ретте, Президенттің «Жаңа Қазақстан» бастамасы еліміздің қайта жандануына, орын алған олқылықтардың орнын толтыруға, жаңаша дамуға жол ашары сөзсіз.

– Сіздің ойыңызша, «Жаңа Қазақстанды» құрудағы негізгі бағыттар мен міндеттер қандай болуы тиіс?

– Меніңше, «Жаңа Қазақстан» идеясының негізгі бағыттарында қоғам дамуының бүгіні, ертеңгі болашағы көрініс табуы тиіс. Бастаманың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын көтеру, жағдайын жақсарту. Сол себептен алдағы кезекте қоғамда қордаланған саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани мәселелер қайта қаралып, нақты шешу жолдары ұсынылуы қажет.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында халықтың табысын арттыру бағдарламасын және Әлеуметтік кодексті әзірлеп қабылдауды тапсырды. Президент әлеуметтік кодекс жаңа «әлеуметтік келісімшарттың» негізгі элементіне айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Егер бұл тапсырмалар жүйелі түрде орындалса, халықтың жағдайы бүгінгіден едәуір жақсарып қалары сөзсіз.

– Президент күні кеше билік партиясының кезектен тыс съезінде партия қызметіне маңызды өзгерістер енгізу қажет екенін атап өтті. Ел аманатын арқалаған партия нақты қандай жұмыстар атқару керек деп санайсыз?

– Иә, бірер күн бұрын Ммемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі өтіп, жиында саяси партияның атауы «AMANAT» деп өзгертілгені баршамызға белгілі. Бұған дейін партияның атқарған жұмысын ұмытуға болмайды, сондай-ақ өз ісіне берілген партия белсенділерінің қажырлы еңбегіне құрметпен қарауымыз керек деп санаймын. «Аманат» сөзінің мағынасы терең, халқымыздың мәдениеті мен тарихында айрықша орынға ие. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арманы, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, ұлан-ғайыр еліміздің құндылығы ретінде сипатталады. Осы баға жетпес асыл мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Алдымен, партия барлық реформаға ұйытқы болып, оның жаңғыртылуы, өзгертілуіне үлес қосуы тиіс. Президентіміз айтқандай, партия аппаратының тиімділігін арттыру және орталыққа тәуелділікті жою қажет. Орталық аппараттың филиалдармен және бастауыш партиялық ұйымдармен өзара іс-қимыл әдістерін толығымен қайта қарап, бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту қажет. Айта кететін бір жайт, фракциялар депутаттық сауалдармен шектелмей, парламенттік және қоғамдық талқылаулар мен ашық пікірсайыстарға баруы, азаматтардың мүддесін ілгерілетуі, сондай-ақ партияның ашықтығы айқындалуы және партия популизмге салынып, орындаусыз қалатын уәде бермеуі тиіс. Қазіргі кезде саяси менеджерлерді даярлап, халықтың барлық өкілімен тіл табыса алуы өте маңызды. Сондай-ақ жастарға арналған жобалар да іске асырылуы қажет.

-Қасым-Жомарт Кемелұлы 16 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынатынын айтты. Сіздің ойыңызша, Президент қандай проблемаларға басымдық береді?

– Президент ұсынатын реформалар стратегиялық маңызды бастамаларға, жаңа идеяларға толы болады деп ойлаймын. Саяси реформалардың жаңа бағдарламасы – әлеуметтік теңсіздікпен және кедейлікпен күресу, білім және денсаулық саласын, сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне басымдық беріледі.

Сөзден іске көшер кез келді. Турасын айтқанда, қордаланған мәселелер көп, соның ішінде мемлекеттік органдардағы қағазбастылықтан арылу, нарықтағы тауар бағалары мен көрсетілетін қызметтердің негізсіз өсуі, жаңсақ пікірдің алдын алу, тұрғын үй бағасын ретке келтіру, утильалым мөлшерлемесі, әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісі, мемлекеттік шекараны нығайту, көші-қон, соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіру, құқық қорғау жүйесін реформалауға түзетулер енгізу, ұлттық ұланды сандық және сапалық жағынан нығайту, діни экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша жұмыстарды жандандыру және т.б. мәселелерге басымдық беріледі деген ойдамын.

-Әлеуметтік желілерде ескі билікпен «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін емес деген пікірлер айтылып жүр. Сіз не дейсіз?

– Биыл 11 қаңтарда өткен Мәжілістің жалпы отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» бастамасын көтеріп, араға біраз уақыт салып Мәжілісте «Жаңа Қазақстан» деп аталатын депутаттық топ құрылған болатын.

Мемлекет басшысы еліміздің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі ауқымды міндетті орындауға кіріскенін мәлімдегені белгілі. Алдымызда еліміздің болашақ тағдырын шешетін аса маңызды жұмыстар тұр. Оны ойдағыдай іске асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет деп санаймын. Бар күшімізді нақты іс-шараларды жүзеге асыруға жұмсау қажет.

Ең алдымен, ұрпақ тәрбиесіне мән беруіміз қажет. Бала – біздің болашағымыз! Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақтың тәрбиесінде жатыр. Әлемге әйгілі ойшыл әл-Фараби айтқандай: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Ол балабақша мен мектептегі бала тәрбиесінен, әсіресе отбасыдан басталуы тиіс. Еліміз түрлі қиындықты басынан өткерді, ол қай заманда да болады. Бірақ, әрбір тұлғада «туған елім, жерім, не де болса оны түзетуге атсалысып, дамытамын» деген шынайы ниеті болса, алынбайтын қамал болмас. Сондай-ақ елімізде ынтымақ, бірлік болса, қоғам дертіне айналған радикализм мен экстремизмді жеңе аламыз деп айта аламын…

-Қаңтардағы трагедия қайталанбас үшін алдағы уақытта қандай іс-шаралар қолға алынуы тиіс?

– Жыл басында болған қаңтар қасіреті дүниетанымымызды, қоғамымызды, тарихымыз бен пайымымызды өзгертті. Енді бұған дейінгі және кейінгі Қазақстан деп қарастыруымыз керек.

Қаңтар қасіреті елімізде радикализмнің бар екенін көрсетті. Ол да бір әділетсіздіктен, қиындықтан, қоғамда орын алып жатқан олқылықтардан туындап отыр. Сондықтан оның салдарымен емес, себебімен күресу маңызды. Қоғамның ішіндегі рухани ахуалды, азаматтардың мемлекетке деген көзқарасын өзгерту керек. Қоғам өзгеріссіз болмайды. Ол үшін ғылыми, саясаттанушылық, әлеуметтанушылық, идеологиялық көзқарастар қажет. Қоғам белсенді болып, үнемі ізденіс пен даму үстінде болса, барлық нәрсеге қол жеткізуге болады деп санаймын.

Мемлекеттік аппараттың, әсіресе тұлғалардың өзгеріске дайын болуы, ниеті өте маңызды. Оған идеялық тұрғыда ілесе алмаған жандардың барлығы ысырылып қалуы ғажап емес.

– Сұхбатыңызға рақмет.

lenta.inform.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button