Жаңалықтар

«Жаңа Қазақстанның эволюциялық дамуы» тақырыбында «Азаматтық алаң» отырысы өтті

Онлайн отырысқа «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» қызметкерлері, «Jastar» ғылыми-зерттеу орталығының өкілдері, өңірлік жобалық кеңсе қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Отырысқа төрағалық еткен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Төрағасының орынбасары Аманбек Төлепбергенов эволюциялық даму қағидасының мән-мазмұнына тоқталып, әр қазақстандықтың көкейінде жүруі керек екенін айтты.

«Жаңа Қазақстанның эволюциялық дамуы» тақырыбында «Азаматтық алаң» отырысы өтті

«Революция жасау өткеннің түсінігінде қалған ұғым. Себебі алып әрі тәуелсіз, көп ұлтты мемлекет бола отырып, түрлі араздық тудыру – ақымақтық. Бізге тек алға ұмтылу керек. Әрине, «Алға!» деп ұрандай бергеннен де түк шықпайды. Ендігі сауатымыз бен мәдениетімізді, парасатымыз бен пайымымызды нақты іспен ғана көрсете аламыз», – деді Аманбек Төлепбергенов.

Келесі болып сөз алған «Jastar» ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Элина Паули орталықтың жұмысы туралы, тақырыптың өзектілігі туралы айтты.

«Жаңа Қазақстан дегеніміз – қоғамдық институттар мен үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғам құрудағы батыл бастамаларының жүзеге асуы, әлеуметтік қордаланған мәселелер ақылмен шешіліп, ел әл-ауқатының едәуір жоғарылауы, зияткер жастардың тың ойларының қолдау тауып, елдегі жаңа технологиялық үдерістің ілгеруі. Біз осындай мемлекет құруға ынталы болуымыз қажет», – деді Элина Паули.

Отырысқа қоғам белсенділері мен сарапшылар қатысып, өз ойларын ортаға салды. Жиында «Жаңа Қазақстан», «Эволюциялық даму» тіркестерінің толық мағынасы ашылып, түрлі сауалдарға жауап берілді.

«Бұл өте маңызды әрі күрделі тақырып. Мұны, әуелі, сарапшылардың өзі түсініп, кейін жалпыға түсіндіруі керек. Түсіндіру үдерісі сала-саланың әрқайсысын қамтығаны дұрыс. Қарапайым адамдарға қарапайым формада түсіндірілгені ләзім», – деді блогер, медиамаман Ерлан Оспан.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Төлеуғали Бурбаев «құлдық сана», «саяси сауат», «құқықтық білім», «жастар мәдениеті» тақырыптарына тоқталып өтті.

«Соңғы оқиғалар жас қазақстандықтардың саяси һәм құқықтық сауатының төмен екенін, демократиялық мәдениетінің жоқтығын көрсетті. Бұл қауіпті тенденция. Жауапты институттар бұл мәселені қаперінде ұстауы, олқылықтың орнын толтыруы керек», – деді Төлеуғали Бурбаев.

Қоғам қайраткері Серік Ерғали эволюциялық дамуға қажетті платформа жасақтау мүмкіндігін ұғу үшін қазіргі әлемде бар қоғамдық-әлеуметтік жүйелер үштігіне тоқталды.

«Егер орта тап – шағын және орта кәсіпкерлер тобы қоғамдағы басты қозғаушы күш болса, ол қоғамда демократия орнығады. Бұндай қоғам мейлінше орнықты, мығым келеді, жарылыс пен дүрбелеңге барынша төтеп береді. Заң үстемдігі орнайды. Бұл қоғамға басты екі әлеует керек: орта таптың қалыптасуы мен заң үстемдігі. Бұндай қоғамда мемлекет – адам өмірінің қожайыны емес, сайманы болады. Сол себепті адам жүдеп-жадаудан гөрі, түлеуге мүмкіндігі барынша зор орта қалыптастырады», – деді мәдениеттанушы Серік Ерғали.

Отырыс қорытындысы бойынша эволюциялық даму үшін:

  1. Қазақстанға сандық технология алып келу үшін, IT саласын жетік меңгеру;
  2. ХХІ ғасырға ілесе отырып, ақпаратты дұрыс қабылдай білу және дұрыс жеткізе білу қабілетін дамыту;
  3. Халықаралық үлкен сахнаға көтерілу үшін ұлттық бояуы бар бұйымдар, жобалар, идеялар, қазақстандық бренд бола алатын кез келген еңбекті алға тарту және оған мемлекеттің көмек беруі;
  4. Ғылым мен білімнің салтанат құруына байланысты, тек оқу емес тәжірибені де қатар ала жүріп, шетелге барып оқуға, көзқарастарды өзгертуге, елге еңбек сіңіруге талпыну;
  5. Әрбір сала маманы өз қалауымен және бар күш-жігерін сала отырып, сол мамандықтың ақсап тұрған жерін түзеуге бара алатындай білікті болу керек деген пайым айтылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button