Жаңалықтар

Республикалық балалар байқауының жеңімпаздары анықталды

Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында «Туған Қазақстаныңды білесің бе?» атты республикалық балалар мәнерлеп оқу байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында кітап оқитын ұлтты қалыптастыру үшін жас қазақстандықтар арасында оқу мәдениетін дамытуға және ілгерілетуге ерекше назар аударғаны белгілі. Аталған байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жөніндегі Жол картасына сәйкес  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Shuǵylakіtap» баспасының қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты, өңірлік жобалық кеңселер ұйымдастырды.

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының кеңсесінде өткен  марапаттау рәсіміне Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Асылбек Есенбаев, облыс әкімдерінің орынбасарлары, жеңімпаз өңірлердің білім саласының қызметкерлері және ұстаздар қатысты.

Республикалық балалар байқауының жеңімпаздары анықталды

 

«Бұл байқаудың  тәрбиелік негізі болған кітаптарда Қазақстанның мемлекеттік рәміздері, мәдениеті, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, тарихи ескерткіштері, киелі жерлері туралы айтылады. Халық мақал-мәтелдері, жұмбақтары, сондай-ақ тау мен дала туралы аңыз-әңгімелер түріндегі ғасырлар даналығы мектеп оқушыларының ой-өрісін кеңейтіп, ұлттық кодтың сақталуына ықпал етеді», – деді Болат Тлепов қатысушыларды құттықтау сөзінде.

Республикалық балалар байқауының жеңімпаздары анықталды

 

Байқаудың барлық кезеңінен сүрінбей өтіп республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсеткен 25 оқушыға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, салтанатты рәсімде топ көшбасшылары V орынды Жезқазған қаласындағы «Өркен» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Назым Жолтай иеленсе, IV орынды Ақтөбе облысы Шалқар ауданы облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернатының оқушысы Фатима Муапыкова алды. III орынды елордалық №86 мектеп-гимназиясының оқушысы Ералы Қозы, II орынды Байқоңыр қалалық №273 орта мектептің оқушысы Үлдай Қаратаева марапатталды. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы №5 орта мектебінің оқушысы Жанель Тоқанова байқаудың I орын жеңімпазы атанды. Ал жеңімпаз өңірлердің топтарына арнайы Сауран Қастеевтің сурет картиналары табысталады.

Республикалық балалар байқауының жеңімпаздары анықталды

 

Байқаудың балаларға берері мол екенін айтқан «Shugyla kitap» баспасы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директоры Людмила Кирилинская былай деді: «Отанды сүю оның тарихын білуден бастау алса керек. Бұл еліміздің болашағы – жас ұрпақтың ел тануы үшін керек. Байқауға белсенділік танытқан баршаңызға алғыс айтамын. Сайыс жалғасын тауып қана қоймай, қанатын кеңге жайып, бұдан да көп оқушыларды қамтиды деп сенемін».

Бұл ойды әр өңірден келген топ жетекшілері де құптады. «Байқауға барлық өңірдегі мектептер үлкен ықыласпен, үлкен жауапкершілікпен, қызығушылықпен қатысты. Байқауға қатысқан Шығыс Қазақстан облысынан 304 мектептен 2664 оқушысы қатысып, бесеуі жеңімпаз атанды. Бұл біз үшін үлкен қуаныш», деді республикалық байқаудың І орын жүлдегер тобы, Шығыс Қазақстан облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің директоры Қарлығаш Шерьязданова.

Республикалық балалар байқауының жеңімпаздары анықталды

 

Байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 3 600-ден астам жалпы білім беретін мектептен 37 мыңнан астам орта буын оқушысы қатысты. Байқау процесі өңірлік әкімдіктердің, облыстық, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің көмегімен ұйымдастырылды. Қорытынды республикалық кезеңге Қазақстанның бес өңірінен 25 бала қатысты. Байқау барысында қатысушылар туған өлкенің тарихы, мәдениеті, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының принциптері бойынша сұрақтарға жауап беріп, квестке қатысты.

Шара соңында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлепов кітап оқуға деген қызығушылықты одан әрі арттыру мақсатында аудан, қалалардың жүлдегерлері мен мектеп кітапханаларына да сыйлықтар жіберілгенін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button