Жаңалықтар

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы талқыланды

Бүгін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының «SARAP» эксперттік клубының алаңында Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын талқылау бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер қауымдастығының өкілдері, сарапшы мамандармен бірге онлайн кездесу өтті.

«Рухани жаңыру» қазақстандық қоғамдық даму институты Бағдарлама жобалары басқармасының сарапшысы Әбішев Төлеу Рыспекұлы жиынды ашып, ҚР Тұңғыш Президентінің «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында негізгі ой айқын және нақты айтылғанын, сондай-ақ тәуелсіздікке қол жеткізу халық үшін ең құнды байлық, алайда оны сақтай білу және егемендікті баянды ету онан да маңызды екеніне тоқталды.

«Бұл біздің мемлекет болып, ел болып жүзеге асыра алаған күрделі миссиямыз. Сонымен қатар, Елбасы атап өткендей: «Мұны тек рухы мен қайраты күшті адамдар ғана жасай алады», – деді ол өз сөзінде.

Тарихи тұрғыдан алғанда, Ұлы Далада керемет ерік күші, рухы және терең даналығы бар халықтар билік еткен. Ғасырлар өткен соң бұл генетикалық жад біздің халқымызға қиын кезеңдерде аман қалуға, елді, жерді қорғап қалуға көмектесті және бүгінгі күнге дейін одан әрі дамуға күш беріп келеді», – деп атап өтті сарапшы.

Кездесу барысында сөз алған Нұр-Сұлтан қалалық Nur Otan партиясы филиалының өкілі, блогер, саясаттанушы Самат Нұртаза Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласындағы елдің ордасы астананы көшіру кезіндегі тарихи естіліктерге тоқталып, бұл саяси-тарихи шешімнің маңыздылығын атады.

«Бұл әлеуметтік инженерия тұрғысынан өте ұтымды саяси шешім деп ойлаймын, себебі бүгін еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан қаласында республиканың түкпір-түкпірінен келген азаматтар өмір сүріп жатыр. Арман қуып келген әрбір қазақстандық елдегі жаңа мультимәдени орта қалыптастырып, мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қосып жатыр», – деді ол.

Өз кезегінде блогер, ІТ-маман Ерлан Оспанов Елбасының мақаласындағы саяси публицистика жанрының элементтері мен сыйпаттары жөнінде сөз қаузады.

«Кезінде БАҚ туралы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазіргі баспасөзде жарық көріп жатқан кісі күлерліктей ұшқары пікірлерден де, тіпті байсалды академиялық пайымдаулардан да бірнеше өзекті мәселелер төңірегінде көпе-көрнеу ойдан қиыстыру бел алып барады» деп сынаған болатын. Шынында публицистиканың негізгі міндеті – заман тарихын әділ, ақиқат жазу, адамның тіршілік-тынысының қай саласын болсын шыншылдықпен суреттеу болып табылады. Мәселен, соның ішінде саяси публицистика жанры елміздегі кенже қалып жатқан салалардың бірі. Елбасы өзінің мақаласында осы жанрдың озық үлгісін көрсетті деп ойлаймын. Себебі, тарихи көне сөз саптаулар, тарихи оқиғаларды еске алу ол ертеңгі ұрпақ пен бүгінгі біз үшін тарихтан сабақ алудың бірден-бір қайнар көзі. Мен болашақта бұл жанрда әлі де көптеген мазмұнды дүниелер жарық көреді деген үміттемін және Елбасының осы бір мақаласы соның басы ғана деп ойлаймын», – деді сарапшы маман.

«Рухани жаңыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Кушалиев Ернар Елбасы мақаласындағы тарихи естеліктер тізбегіндегі саяси дискурстың өзектілігін атап өтті.

«Бұл мақала қазақ халқының тарихы тәуелсіздік үшін күрес оқиғаларына толы екенін көрсетеді. Халқымыздың озық ойлары азаматтары бұл күрес жолында өз өмірлерін де қиған. Осының бәрін ескере отырып, қазіргі уақытта тәуелсіздікке қол жеткізген күні, біз тәуелсіздік тіректерін шайқайтын ұсақ-түйек мәселелерге жол беруге құқығымыз жоқ. Әрине, көптеген этностар, түрлі конфессиялар, көзқарастар мен менталды қабаттар бірге өмір сүретін тұтас ел үшін, жауапкершілікті өз басына алатын көшбасшысыз егеменді дамудың осы отыз жылдық жолынан өту өте қиын болар еді. Осыған байланысты Елбасының рөлі ерекше. Оның басқаруы кезеңінде, әсіресе тәуелсіздік таңында қабылданған және іске асырылған стратегиялар, реформалар қазіргі Қазақстанға жаңа заман мемлекеті ретінде қалыптасуға мүмкіндік берді. Нұрсұлтан Назарбаев көрсетіп отырған тарих сабақтары мемлекетіміздің одан әрі даму жолын меңзеп отырғандай», – деді ол.

Басқа жаңалықтар

Back to top button