Жаңалықтар

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының бағыттары және жүзеге асыру тетіктерін түсіндіру бойынша жиын өтті

Бүгін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын жүзеге асыру тетіктері бойынша бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер қауымдастығының өкілдері, белсенді азаматтармен бірге   онлайн кездесу өткізді.

«Рухани жаңыру» қазақстандық қоғамдық даму институты Бағдарлама жобалары басқармасының басшысы Жампейісов Думан «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының басты мақсаттарына тоқталып, мемлекеттік жоспалау жүйесінің тетіктері мен жобалық басқару ерекшеліктері туралы айтып берді.

«Жалпы Ұлттық жобалардың табиғатына келер болсақ, бұл мемлекеттік жоспарлау жүйесінде алғаш рет қолданылып отыр. Себебі Ұлттық жобалардың мәні жобалық басқару жүйесіне негізделген, яғни біз көп естіп жүрген «жобалық менеджмент» (project management) басқару құралынан бастау алады. Жобалық басқарудың басты мақсаты бекітілген уақытқа дейін, қойылған мақсаттарға нақты жету, яғни басты көрсеткіштердің орындалуы», –  деді ол. 

ҚР Президентінің № 670 Жарлығымен 10 Ұлттық жобалар тізбесіне енген,  «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы 3 бағыт, 7 міндет, 21 көрсеткіш пен 66 іс-шаралардан тұрады.

Талап етіліп отырған міндеттердің әлеуметтік тиімділігіне келетін болсақ:

Біріншіден, Қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті дамыту. Екіншіден,  қазақ тілінің қолданыс аясын дамыту, мәселен техникалық және кәсіптік білім беру, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қазақ тіліндегі оқу әдебиеттерімен толық қамтамасыз ету, латын графикалы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылардың үлесін 50%-ға жеткізу. Үшіншіден, мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, мәдениет объектілеріне келушілер саны екі есеге ұлғайту (2020 жылы – 49,4 млн. бару). Төртіншіден, отандық мәдени өнімді танымал ету. Бесіншіден,  жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамыту арқылы жастардың мемлекеттік қолдау шараларымен қанағаттану деңгейін 80%-ға дейін арттыру. Алтыншыдан, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру – NEET санатындағы жастарды 5%-ға дейін төмендету. Жетіншіден, жастарды қоғамдық пайдалы қызметке тарту – жастар арасында волонтерлік мәдениет деңгейін 80%-ға дейін арттыру.

«Қазақстандық бірегейлік пен зияткерлік әлеуетті дамыту және мектеп жасындағы  балаларды мәдени  тәрбиемен қамту бағыты бойынша қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан жобаны айтар болсам, artsport.edu.kz порталын атар едім. Бұл жоба аясында балаларыңызды өзіңіз қалаған үйірмелерге жаздыруыңызға болады», – деді Жампейісов Думан.

 «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту бағыты бойынша оқу бағдарламалары мен әдістемелерін жаңартуды 2025 жылға дейін 100%-ға жеткізу, қазақ тіліндегі оқу әдебиеттеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету, латын графикасын пайдаланаты жазбаша коммуникация қатысушыларының үлесін 2025 жылға дейін 50%-ға жеткізу және қазақ тілі ұлттық корпусы мәтіндік базасының көлемін жоба нәтежиесінде 40 млн. көрсеткішке жеткізу жоспарланып отыр.

Кездесу барысында сөз алған Нұр-Сұлтан қалалық Nur Otan партиясы филиалының өкілі, блогер, қоғам белсендісі Самат Нұртаза «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының аясында қазақ тілінің дамуына жасалынып жатқан назарды ерекше бағалады.

«Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріндегі қазақ тіліндегі оқулықтақтардың көлемі бүгінде 20-30% пайыздық көлемде екен. Осы жоба барысында аталмыш мәселені толық 100 пайыз шешеміз деп жоспар жасап жатыр екенсіздер. Бұл өте өзекті және болашақ үшін жасалып жатқан инвестиция», – деді ол.

Айта кетер болсақ, «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту бағыты бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі, Тіл саясаты комитеті бірнеше өзекті жобаларды жүзеге асырып жатыр.

Олардың ішінде әртүрлі салалық сөздіктер мен қазақ тіліндегі көне сөздерді, кірме сөздерді және ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасын көруге мүмкіндік беретін Sozdikqor.kz порталы, қазақ тілін өздігінен оқуға арналған веб-платформа Til-Qural  порталы және қазақ терминологиясын жүйелеудің жаңа талаптарын жүзеге асыруды көздейтін, терминологиялық лексиканы біріздендеру, терминологиялық қорды толықтыру бойынша termincom.kz сайты, қазақ тілінің емле-ережелеріне байланысты emle.kz сайты және қазақ тілін үйренудің ең қызықты және тиімді тәсілдерін ұсынатын tilmedia.kz порталы, отандық ономастикаға қатысты atau.kz электрондық базасы бар.

«Ел Рухы» бағыты бойынша таныстырылымды жалғастырған Думан Әбілтайұлы, бұл бағыттың 5 нақты көрсеткіш пен 13 іс-шарадан тұратынына тоқталды.

Мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына қатысты арттыру және отандық мәдени өнімді насихаттау  жөнінде:

«Отандық анимациялық контентті шығаратын сервистік компания ретінде «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылады және жобасы аясында арнайы студия ашылып, жыл көлемінде кемінде бес анимациялық жоба даярлау жоспарланып отыр», – деді ол.

Өз кезегінде қазақ фильмдерінің дубляж мәселесі жөнінде, блогер, ІТ-маман Ерлан Оспанов:

«Өз басым КСРО кезеңіндегі фильмдердің біразы әртүрлі тілдерден дубляждалғанын білемін, сол кезеңдердегі дубляж тілі қазақи, тұрмыстық таза еді, қазір ресмилік басым ба, экрандағы тіл алашұбар екені рас. Қазір осы мәселе Ұлттық жоба жоспары бойынша бір жүйеге келетін сияқты. Өз басым соған қуаныштымын»,  деді.

Жиынға қатысқан барлық сарапшы мамандар Ұлттық жобаның тұтастай қоғамдық сананы жаңғырту мен  стратегиялық міндеттерді шешудегі уақыт сынағына лайықты жауап беретін құжат болатынына өз сенімдерін білдіріп, халық арасында кеңінен насихат жұмыстарын жүргізу бойынша өз ұсыныстарын айтты.

         

Басқа жаңалықтар

Back to top button