Жаңалықтар

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының бағыттары және жүзеге асыру тетіктерін түсіндіру бойынша вебинар өтті

Бүгін «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының алаңында «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасын жүзеге асыру тетіктері бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілдерінің қатысуымен онлайн вебинар ұйымдастырылды.

Іс – шараға облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары жоғары оқу орындары, колледждерінің оқытушылары, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының мектептерінің директорлары және директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары да қатысты.

«Рухани жаңғыру» ҚҚДИ жоба менеджері Қанапиянов Рүстем «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының басты мақсаттарына тоқталып, ұлттық-мәдени бірегейлікті сақтау және мәдени өнімдерді ынталандыру, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру бойынша өз пікірімен бөлісті.

«Бірінші бағыт екі негізгі міндетті көздейді – ұлттық құндылықтарды ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту. Екінші бағыт «Ел Рухы» екі міндеттен тұрады – ел ішінде мәдени қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, отандық мәдениетті елден тыс жерлерде танымал ету. Ал, үшінші бағыт «Тәуелсіздік ұрпақтары»  деп аталады, ол жастардың рухани жетілуін, кәсіби өсуін және қоғамдық жетілуін көздейтін міндеттерді қамтиды. Ұлттық жобаны жүзеге асыру өз кезегінде жалпы республика көлемінде оң мультипликативті әсер алуға ықпал ететіне сенімдіміз», – деді ол өз сөзінде.

«Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту бағыты бойынша сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігі, Тіл саясаты комитеті, Тіл саясатын талдау және мониторинг басқармасының бас сарапшысы Жакенов Талғат мемлекеттік тілді дамыту үшін жағдай жасау бойынша атқарылып жатқан және алдағы жоспардағы жобалар жөнінде айтып берді.

Мәселен, қазақ терминологиясын жүйелеудің жаңа талаптарын жүзеге асыруды көздейтін, терминологиялық лексиканы біріздендеру, терминологиялық қорды толықтыру бойынша termincom.kz сайты, қазақ тілінің емле-ережелеріне байланысты Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген  emle.kz сайты және қазақ тілін үйренудің ең қызықты және тиімді тәсілдерін ұсынатын tilmedia.kz порталы, отандық ономастикаға қатысты atau.kz электрондық базасы бар екенін атап өтті.

 

«Қазақ тілінің тілдік заңдылықтарын сақтай отырып, ақпарат көздеріндегі қателіктермен жұмыс жасайтын Qazgramm көпфункционалды порталын және  қазақ тіліндегі мәтіндерді құрылғыларға дауыс арқылы енгізу қосымшасын даярлау алдағы уақытта жоспарланып отыр», – деді ол өз сөзінде. 

«Ел Рухы» бағыты бойынша таныстырылымды жалғастырған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Өндіріс қызметі бөлімінің басшысы Серікбаева Арууана, бұл бағыттың 5 нақты көрсеткіш пен 13 іс-шарадан тұратынына тоқталды.

Мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасына қатысты арттыру және отандық мәдени өнімді насихаттау  жөнінде:

«Отандық анимациялық контентті шығаратын сервистік компания ретінде «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылады және жобасы аясында арнайы студия жасақталып, жыл көлемінде кемінде бес-алты анимациялық жоба даярлау жоспарланып отыр», – деді ол.

Сондай-ақ, Арууана Асылханқызы қазақстандық Вazelevs компаниясы мен Өзбекстан аниматорлары бірігіп Орталық Азия халықтарының фольклорына ортақ «Қожанасыр» туралы анимациялық картинасын әзірлеуге келісім – шарт жасағалғанын да жеткізді.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Заманауи зерттеулер институтының» директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров отандық кино және театр жөніндегі өз пікірі мен ұсынысын білдірді.

«Біздің отандық кино тарихы әлі де дұрыс зерттеліп, ашылмаған тақырыптардың бірі. 1926 жылдан бастап кино тарихының цифрлы базасы дайындалуы күн тәртібіндегі өзекті мәселе», –  деді ол.

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының келесі «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағыты бойынша сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Баймульдинов Қайрат жастар үшін жаңа мүмкіндіктердің ұйымдастырлатына тоқталды.

Жастарды тұрғын үй жинақтау жүйесімен қамту бойынша, жастарға тұрғын үй алу үшін бірыңғай зейнетақы төлемдерін пайдалануға жаңа мүмкіндіктер қолға алынатынын және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың енгізілетінін, тұрғын үй құрылысы бағдарламаларына жас отбасылар үшін квота енгізлетіні жоспарланып жатқанын айтып берді.

Жиынға қатысқан барлық мамандар Ұлттық жобаның тұтастай қоғамдық сананы жаңғыртумен қатар мемлекетіміздің әлеуметтік саясаты мен халықтың хал-ахуалына оң әсер бере алатын әлеуеті бар екенін атады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button