Жаңалықтар

Түркістан қаласында Дәстүрлі Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер кинофестивалі өтті

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қолдауымен Түркістан қаласында 29-30 қазан күндері Дәстүрлі Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер кинофестивалі (ÁMEN International Animation film festival) өтті.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған фестивальдің биыл Түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістан қаласында өтуі де айрықша мәнге ие. Ұйымдастырушылар шаһар тұрғындары мен қонақтарына мерейтой қарсаңында айрықша сый жасады. Түркістандықтар екі күн қатарынан қаладағы ең үздік кинозалдардан еліміздің және түркі елдерінің ең үздік анимациялық фильмдерін тегін тамашалады.

Түркістан қаласында Дәстүрлі Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер кинофестивалі өтті

Дәстүрлі фестивальді OzgeEpic заманауи өнер кеңістігі мен Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырады.

Фестивальді ашқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов:

«Келесі жылдан бастап, жаңадан қабылданған ұлттық жоба аясында «Қазақфильм» киностудиясы жанынан «Қазақ анимация» шығармашылық бірлестігі өз жұмысын бастайтын болады»,- деді. 

Түркістан қаласында Дәстүрлі Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер кинофестивалі өтті

Бұл бірлестіктің негізгі мақсаты – ұлттық анимация нарығында жүрген шығармашыл топтарға бір орталықтан қолдау болып, отандық өнімнің өрісін кеңейту үшін жағдай жасау және де әлемдік мультиндустрия өкілдері мен оның ішінде бүгінгі фестивальге қатысып отырған шетелдік әріптестермен де тығыз байланыс орнатып, қазақ анимациясын халықаралық дәрежеге көтеру. Сондай –ақ, анимация өнерін тек балалар контенті ретінде емес, кино мен жарнаманың, компьютерлік ойындар мен веб-коммуникация тіліне айналдыру арқылы толыққанды ұлттық ақпараттық ресурс қалыптастыру болып табылады.

Биылғы халықаралық «Әмен» анимациялық фильмдер фестивалінің бас жүлдесін өзбек режиссер-аниматоры Азизбек Мухамедовтің «Дом на колесах» мультфильмі жеңіп алды.

Өзбек режиссері байқауға екі бірдей жұмысын ұсынған. Олардың бірі «Волшебный танбур» қысқа метрлі анимациялық фильмі «Үздік қоюшы суретші» аталымында топ жарса, «Дом на колесах» туындысы фестивальдің «Үздік анимациялық фильмі» деп танылды.

«Әмен Қайдаров атындағы фестивальге қатысып, қазақ анимациясындағы достарыммен қауышқаныма өте қуаныштымын. Туындыларымыздың жоғары бағаланып, еңбегімнің еленгені – үлкен мәртебе. Көрермендеріміз бен фильмдерді жасауға атсалысқан шығармашылық топ бұл жүлделерді ерекше ықыласпен қабыл алатынына сенімдімін. «Дом на колесах» өмірде бәрі бар, бірақ арам ниетті адамдардың сөзіне құлақ асамын деп өзгенің сөзіне ілесіп, өз ойынан айырылып қалған жан туралы шығарма»,- деп атап өтті Азизбек Мухамедов.

Жеңімпаздар одан бөлек тағы тоғыз аталым бойынша анықталды. Екі бірдей қатысушының жобасы үздік сериал атанды. Тынышқали Тілегеновтің «Бұзығым» және Бекдос Саятұлының «Суперкөлік самұрық» мультхикаясы өзге жұмыстар арасынан оқ бойы озық тұрды.

Өзге шетелдік қатысушылар арасынан Тәжікстан мен Башқұртстан аниматорларының жұмысы жоғары бағаға ие болды. Башқұрт аниматоры Рим Шарафутдинов «Золотой дворец» туындысымен Үздік режиссерлік жұмысты жеңіп алды. Осы аталым бойынша екінші жеңімпаз – «La Gare» қысқа метрлі анимациялық фильмінің режиссері Аян Марокканский. Ал тәжікстандық қатысушысы Лолисанам Улугова «Хувайдо» мультфильмімен Үздік сценарий авторы атанды.

Түркістан қаласында Дәстүрлі Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер кинофестивалі өтті

Әділқазылар алқасы байқауға келіп түскен жұмыстарды сценарий, режиссура, анимация, кейіпкер, көркемдік шешім бойынша бағалады. Орталық Азиядағы ең ірі анимациялық фестивальде әйгілі шетел аниматор-мультипликаторлары мен отандық білікті мамандар төрелік етті. Олардың қатарында әлемге танымал суретші-аниматор, «Ну, погоди!», «Мулан», «Король лев», «Фиксики» сынды «Союзмультфильм» мен Disney студияларының 40-тан аса жобасына қатысқан Александр Дорогов (АҚШ), ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Мұқанова, кинотанушы, киносыншы Нәзира Мұқышева, Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбелдинов, анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз (Түркия), режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер-мультипликатор Батырхан Дәуренбеков, сондай-ақ халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері Тұрдыбек Майдан бар.

Биыл үшінші рет байқауға барлығы 57 өтінім келіп түсті, оның 49-ы іріктеуден өтті. Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестиваліне отандық және бауырлас түркі елдердің, атап айтқанда Әзербайжан, Башқұртстан (РФ), Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан (РФ), Тәжікстан мен Түркияның мультипликаторлары қатысты.

Түркістан қаласында Дәстүрлі Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер кинофестивалі өтті

Басқа жаңалықтар

Back to top button