БАҚ біз туралы

Қазақ тілін насихаттау, жастарды қолдау – «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасында қандай жұмыстар жасалады

«Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының басшысы Қазбек Майгелдинов «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасында қандай шаралар қолға алынатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ұлттық жобаны жүзеге асыруға қол қойған болатын. Сол 10 жобаның бірегейі – «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы. Бұл жобаның негізгі мақсаты – қазіргі уақыттағы мәдени бірегейлікті және мәдени өнімдерді ынталандыру. Басқа сөзбен айтқанда, қазіргі қазақстандықтардың көркемдік-шығармашылық әлеуетін арттыру және жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру. Бұл мақсатта негізінен жоба бойынша бірнеше бағытта жұмыс істеу көзделіп отыр. Оның бірі – мемлекеттік тілді дамытуға жағдай жасау, сонымен қатар отандық мәдениет өнімін танымал ету және ең басты бағыттардың бірі – жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді дамыту. Яғни жастарды әлеуметтендіру мен жұмысқа орналастыру мәселелері де осы тұрғыда қарастырылатын болады», – деді Қ. Майгелдинов агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, жалпы мемлекеттік тілді дамытуға байланысты қазақ тілінің ауқымын кеңейту үшін жасалатын нақты шаралар мен көрсеткіштер қарастырылатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға дейін жыл сайын бірнеше бағыт бойынша жұмыстар атқарылмақ.

Әсіресе жаңартылған оқу бағдарламаларының үлесі, техникалық-кәсіптік білім беру және жоғарғы оқу орындарында қазақ тілінде шығарылатын оқулықтардың сапасын арттыру және сол оқулықтармен қамтамасыз ету, оған қоса латын графикасындағы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылардың үлесін арттыру сынды бағыттар қолға алынады.

«Екінші бағыт – «Ел рухы» деп аталады. Бұл бағытта қойылатын негізгі міндеттер – мәдениет саласындағы қолжетімділік пен сапаны арттыру. Яғни, қазіргі уақыттағы мәдениет саласындағы отандық цифрлық ресурстарға кіру санын ұлғайту, сол арқылы жалпы қазақ мәдениетін, ұлттық мәдениетімізді дәріптеуге барынша үлес қосу көзделіп отыр.

Одан кейінгі бағыт – отандық мәдени өнімдерді насихаттау. Өздеріңіз білесіздер, қазір ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, заман талабына сай, сапалы қазақ тіліндегі контенттің артуына сұраныс бар. Соған байлданысты, мысалы жасөспірімдер арасындағы жаңа отандық анимациялық фильмдер түсіру, оның санын арттыру оған қоса ең бастысы қазақстандық кинопрокат бар. Осы шығармашылық жобаларды мейлінше көбейтуге және оның сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар», – деп түсіндірді Қ. Майгелдинов.

Сонымен бірге, жобадағы ең басты бағыттардың бірі – «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады. Мұнда жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді жасауға қойылатын бірнеше көрсеткіштер көзделіп отыр. Яғни, жастарды тұрғын үй жинақтау жүйесімен қамту, оларды әлеуметтік қызмет көрсетумен қамту, стартап жобаларына қолдау көрсету сынды бағыттар қарастырылады.

«Жалпы айтқанда «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасынан күтілетін әлеуметтік және экономикалық әсер мол. Биыл қабылданған 10 ұлттық жобаның тағы бір басымдығы – әрбір тиесілі министрліктер өз ұлттық жобасы бойынша, әрбір көрсеткіштер, бағыттар бойынша тікелей жауапты болады. Вице-министрлер мен облыстардың, мегаполистердің әкімдерінің орынбасарлары жауап береді. Бюджеттен бөлінетін қаржылық мәселелер де, олардың игерілуі – барлығы ашық түрде іске асырылатын болады», – деді Қазбек Майгелдинов.

Айта кетейік, ҚР Президенті Жарлығымен «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы бекітілген болатын. Жоба 5 бағыттан тұрады және 6 негізгі міндет пен 13 көрсеткіш айқындалған.

inform.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button