БАҚ біз туралы

Жаңғыру – ел дамуының жасампаз қағидасы

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап қолға алынған саяси һәм экономикалық реформалар нәтижесінде, көптеген игі іс атқарылғаны жайлы атап өтіп, сәт са­йын өзгеріп жатқан мына заманда, сана-сезіміміз бен дү­ние­та­ны­мымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді те­ңеп, иық түйіс­тіру мүмкін емес дейді. Яғни Елбасы­ның бағдарламалық мақаласында айтылған жобаларды іске асыру үшін Үкіметтің 2019 жылғы 23 сәуірдегі №225 қаулысына сәйкес «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Бұл мекеме Елбасының бағдарламалық мақаласында алға қойылған мін­дет­терді іске асыратын құрылымға айналды. Нақтырақ айтқанда, бағдар­ламаны іске асыруға қатысатын барлық құ­ры­лымды талдамалық және әдіс­те­мелік сүйемелдеу, оның ішінде қо­ғам­дық-саяси ахуалды мониторингтеу, талдау, азаматтық қоғамдағы про­цестерді болжау, ғылыми-зерт­теу­лер жүргізу және мемлекеттік жас­тар мен отбасы саясатын іске асыру үшін әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру аталған мекеменің негізгі қыз­ме­ті болып бекітілді.

Осы орайда, бағдарламалық мақа­ла­да көрсетілген жобалар осы институт тарапынан қалай жүзеге асырылуда екендігіне тоқтала кетейік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, атқа­ры­лып жатқан шараның бірі – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру ісі. Бұл бағыт бо­йынша, өткен төрт жыл ішінде респуб­лика көлемінде 5 мил­лион адамды қамтыған 25 858 іс-шара атқарыл­са, осы аралықта қоғамға латын қар­пін­дегі қазақ әліпбиінің бірнеше нұс­қасы ұсынылып, ол көпшілік тарапынан кеңінен талқыланды. Биыл 28 қаңтарда Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия барлық ұсыныс пен ескертуді есепке алып, жасалған әліпбидің жаңа түрін бекітті. Жетілдірілген әліпбиде қазақ тіліндегі 28 дыбысты қамтитын 31 әріп бар. Аталған әліпбиді одан әрі жетілдіру бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлі де жүргізілу үстінде.

Бағдарлама аясында атқарылған тағы бір маңызды жоба – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық». Бұл бағыт бойынша төрт жыл ішінде елімізде 3 465 іс-шара өтіп, оған 1,7 млн адам қатысқан. Арнайы құрылған Ұлттық аударма бюросы 2017 жылы 17 оқулық, 2018 және 2019 жылдары 60 оқулық, 2020 жылы 23 оқулықты толығымен аударып шықты. Бұл туындылар қазіргі таңда жоғары және орта оқу орындарында «Тарих», «Философия», «Мәдениеттану», «Маркетинг», «Эко­но­мика», «Педагогика және психология», «Әлеуметтану», «Дінтану» са­ласы бойынша негізгі пән ретінде оқытылуда. Аударылған әдебиеттер толығымен басып шығарылып, олар еліміздің 132 жоғары оқу орнына тегін таратылумен қатар, 100kitap.kz ресми сайтына әрбір кітап жеке ақпарымен бірге орналастырылды.

Сонымен қатар «Қазақстанның ашық университеті» атты порталда (OpenU.kz) жоба негізінде аударылған 77 оқулықты басшылыққа ала отырып дайындаған қазақ және орыс тілдеріндегі бейнекурстар жүктелді. Ол жерден ұзақтығы 25-40 минут болатын 25 қызықты лекцияны тыңдауға болады. Әр курс біткен соң тестілік және рефлексиялық тапсырмалармен қатар, қосымша әдебиет тізімі беріледі. Қазіргі таңда, порталға 88 мыңнан аса оқырман тіркеліп, оны 132 жоғары оқу орны мен 158 колледж студенттері пайдалануда.

Үшінші жоба – «Туған жер» бағдар­ламасын қолға алу нәтижесінде 2017 жылдан бері 52 260 іс-шара атқарылып, онымен 3 миллион адам қамтылған. «Өлкетану» бағыты бойынша орта мек­теп­тің 5-7 сынып оқушыларына: «Қазақ­стан тарихы», «География», «Қазақ әдебиеті» және «Музыка» пәндері негізінде 20 сағаттық курс енгізілді. 2019 жылы әзірленіп, қол­да­нысқа енген «Өлкетану» хресто­ма­­тиясы өскелең ұрпақ туған жер тарихымен танысуына, ұлттық кодын ұштауына тәрбиелік мәні зор дүние болды. Аталған жоба негізінде дәл қазір еліміздің мектептерінде 2357 музей, 40 турист-өлкетану орталығы ашылса, бұл бағытта 2050 үйірме жұмыс істеп тұр. Бұған 7-ден 17 жасқа дейінгі 90 мыңнан астам бала қамтылған. Бағ­дар­ламаға қолдау білдірген 13 мың меценат есебінен 330 млрд теңгеден астам қаражат тартылып, оған 6 мыңға тарта нысан тұрғызылды.

Келесі ауқымды жоба – «Қазақ­станың қасиетті рухани құндылықтары. Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағыты бойынша соңғы төрт жыл ішінде 14 802 іс-шара өткізіліп, оған 4 млн-нан аса адам қамтылыпты. Сонымен қатар 781 киелі орын тізімі жасалып, оған 206 жалпыұлттық және 575 жергілікті деңгейдегі нысандар кірді. Осы киелі жерлердің интер­активті картасы жасалып, ол qazmaps.kz порталына орналастырылса, аталған платформа арқылы визуалды түрде сая­хат­тап, көне тарихи жерлерді көруге толық мүмкіндік туып отыр. Жоғарыда аталған киелі орындардың тізімі негізінде 253 бағытта туристік маршрут дайындалған және 128 археологиялық экспедиция жасалған. Атап айтар болсақ, Қожа Ахмет Ясауи, Шоқай датқа кесенелері, Бекет ата жерасты мешіті, Сисем ата қорымы, Сарайшық, ежелгі Тараз, ежелгі Түркістан, Отырар және Сауран сияқты көне қалалар, Ақыртас сәулет-археологиялық кешені, Абай Құнанбайұлының мемориалдық кешені және тағы басқадай респуб­ликалық деңгейдегі бас-аяғы 71 тарихи және мәдени ескерткішке ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді.

Жоғарыдағы қасиетті жерлерді насихаттау мақсатында BBC World News телеарнасының қатысуымен «Қазақ­стан киелі жерлерінің география­сы», «Алтын жауынгер», «Қожа Ахмет Ясауи және Айша бибі кесенелері» және «Күлтегін. Жаңа көзқарас» фильмдер циклы мен танымал актер Марк Дакаскостың қатысуымен «Көшпенділер жері» ғылыми-көпшілік фильмі түсірілді. Бұл фильмдер Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 ресми тіліне аударылып, субтитрмен шықты. Оған қоса Discovery, Viasat history және National Geographic телеарналарында көрсетіліп, 700 миллион адамдық аудиторияны қамтыды. 2017 жылы қараша айында BBC телеарнасында «Алтын жауынгер» деректі фильмі әлемдік көрермен назарына ұсынылды. Сонымен қатар Қазақстанның киелі жерлерін дәріптеп, танымал ету мақ­са­тында 2GIS электронды картаға 64 нысан енгізілді және ол туристер үшін өз кезегінде көмегін тигізуде.

Бесінші аса ауқымды жоба «Жа­һан­да­ғы заманауи қазақстандық мәдениет» деп аталып, осы бағыт арқылы еліміздің мәдени жетістіктері әлемге паш етілді. Бұл жобаға төрт жыл ішінде 2,8 млн адам тартылып, 10 147 іс-шара өткен екен. Атап айтсақ, 2017 жылы қазан айында Париж қаласындағы UNESCO штаб-пәтерінде жобаның тұсаукесері ұйымдастырылып, танымал отандық және шетелдік мәдениет қайраткерлері қатысқан ғылыми-практикалық кон­фе­ренция, көркемсурет пен фото­жұ­мыстар көрмесі және Қазақстан өнер шеберлерінің концерті өтті.

Кейін Италия, Мажарстан, Франция, Румыния, Бельгия, Ресей, Өзбекстан, Нидерланд, Германия, Әзербайжан және Жапония сияқты елдерде бағдарлама аясында рес­публикалық театрлар мен концерттік ұйымдар гастрольде болды. Оған қоса АҚШ, Франция және Румынияда қазақстандық кино күндері өткізіліп, онда «Анаға апарар жол», «Қазақ елі», «Алмас қылыш», «Жаңғақ тал», «Оралман» және тағы басқа отандық фильмдер көресетілді.

Сол сияқты «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында 2017 жылы басталған «Алтын адамның» әлемге шеруі» жобасы негізінде ғаламды шарлаған «Алтын адам» үш жыл ішінде 26 елдің (Беларусь, Ресей, Әзербайжан, Қытай, Польша, Түркия, Өзбекстан, Солтүстік Македония, Мажарстан, Чехия, Малайзия, Грекия және т.б.) музейлерінде болып, ұлт тарихын әйгілесе, қазақ жерінде өмір сүрген ежелгі және ортағасырлық көшпенділер мәдениетінің сан алуандығын паш ету мақсатында: Қазақстан Респуб­ликасы Орталық Мемлекеттік музей қорынан жасақталған «Ұлы дала­ның тарихи-мәдени келбеті» атты көшпелі көрме Қытайдың атақты Сиань музейінде, Түркияның Ыстан­бұл қаласындағы Түрік және ислам ескерткіштері музейінде, Мажар­станның Сазхаломбатта қаласындағы «Мат­рика» музейінде, Прага қаласын­дағы Чехияның Ұлттық музейінде көрсетілді.

Сонымен қатар еліміз халықаралық қоғамдастықпен байланысты күшейту мақсатында Түркия, АҚШ, Ресей, Қытай, Финляндия, Корея, Малайзия, Мажарстан, Швеция елдерінде 34 қазақстандық әдебиет және мәдениет орталығы ашылды. Осы жылдары қазақстандық авторлардың үздік әдеби шығармалары, оның ішінде заманауи қазақ прозасы мен поэзия антология­ла­ры Біріккен Ұлттар Ұйымының 6 тіліне аударылып, 60 автордың үздік шығармасы жалпы саны 120 мың данамен басылып шықты. Бұл туындылар әлемнің 93 еліндегі ірі-ірі деген 23 мың кітапхана, университет пен зерттеу орталығына таратылды. Оның ішінде, ағылшын тіліндегі кітаптар 18 ағылшынтілді елге, француз тіліндегісі – Еуропа мен Африканың 17 еліне, араб тіліндегісі – Африка мен Таяу Шығыстың 22 еліне, испан тіліндегісі – Испания мен Латын Америкасының 20 еліне, қытай тіліндегісі – Қытай Халық Республикасының 1,5 млрд адамды қамтитын барлық аймағына және орыс тіліндегісі 14 елге жеткізілді.

Алтыншы жоба – «Қазақстандағы 100 жаңа есім». Бұл бағдар бойынша өз маңдай терімен жетістікке жеткен отандастарымызды қоғамға таныту және оларды жастарға үлгі ету мақсаты көзделген. Жоба басталғаннан бергі төрт жыл ішінде бұл жобаға 1,8 млн адам қамтылып, 3398 іс-шара өт­кізіл­ген. Осы кезеңде жобаға қатысуға 9 мыңға жуық адамның аты ұсынылған.

Жобаға тікелей ақпараттық қол­дау көрсету және онлайн дауыс беру жүйесін қамтамасыз ету үшін 100janaesim.ruh.kz сайты жұмыс істеді. Жобаға қатысуға 2017 жылы 2112 өтінім түссе, 2018 жылы – 2388, 2019 жылы – 1673, биыл 2790 өтінім түскен екен. Былтыр карантин жағдайына байланысты конкурс өтпеді. Жоба өткен төрт маусымда 193 адамды жеңімпаз деп таныды.

Бағдарламалық мақала аясында жүзеге асып жатқан жетінші жоба «Ауыл – ел бесігі» деп аталды. Бұл шара 2019 жылдан бастап жүзеге асуда. Бұл жобаға соңғы екі жыл ішінде 700 мың адам қатысып, 3398 іс-шара өткен екен. 2019-2020 жылдары аталған жобаға 124 млрд теңге бөлініп, оған 269 ауылдық жерде 1512 шара іске асты. Атап айтқанда, 3002 шақырым жол төселіп, білім беру саласына қатысты 874, денсаулық сақтау саласына қатысты 267 нысаны жөнделсе, 1069 ауылға жылдам интернет нүктесі орнатылған. Жоба аясында, ауылдық жерлерде 15 652 жаңа жұмыс орны ашылып, жаңадан 158 әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым салынса, 1 347 нысан жөндеуден өткен.

Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, Елбасы ұсынған бағдарлама аясында қыруар шаруа атқарылып жатыр. Осы жақсы істерді еліміздің әрбір азаматы терең түсініп, өз үлесін қосатын болса әрі оған мемлекет қолдау көрсетсе болашақта абыройлы елге айналамыз. Осы орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең бас­ты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген қорытындысы заманауи аксиома болып қала береді.

egemen.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button