Жаңалықтар

Ұлттық өнер іздері

Мәдениет дегеніміз – қайбір халықтың ішкі рухани болмысы мен ерекшелігін көрсететін мәдени құбылыс деуге де болады. Халқымыздың ежелгі мәдени іздерін насихаттайтын эпостық жырлардан бастап, көне дәуірдегі қолөнер һәм сәндік бұйымдары, сонымен қатар эностың тек өзіне тән әні мен күйі немесе айтыс өнері болсын қазақ халқын басқалардан оқшаулап  дара этнос екенін әйгілейтін ұстындары.

 Десек те, қазіргі таңда ұлттық мәдениет пен өнер басқа келбетке еніп, заманауи өзгерістерге ұшырап, уақыт желімен бірге динамикалық түрде дамып келе жатқанын аңғару қиын емес. Данышпан Абай атамыздың  «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» дегеніндей, халқымыздың музыка мәдениеті, би, кино һәм бейнелеу өнері бүгінде жаһандық үрдістерге ілесіп, өз даму жолымен келе жатыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін дағдарыс жылдарында бұл бағыттар тұралап барып, қазір есін жиып жатқанын және жаңа белестерге көтеріліп келе жатқанын көзіміз көруде.

Жалпы алғанда, халқымыздың мәдени кеңістігінде айырықша орны бар оқиға –1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі. Қазақ өнерінің Одақ көлемінде танылып, зор баға алуына аталмыш декада үлкен үлес қосты. Бұл шараға ғасыр жасаған ақын Жамбылдан бастап, қазақтың сахна тарландары Шара Жиенқұлова, Күләш Байсейітова, Евгений Брусиловский, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітовтер қатысты. Бұл мәдени шара қазақ халқын одақ көлемінде танытып, ұлттық өнерімізді паш еткен зор оқиға ретінде тарих бетіне қатталды.

Осындағы 10 күндік жайлы филология ғылымдарының докторы, марқұм Тұрсынбек Кәкішев: «Голощекин тұсында алапат аштыққа ұшырап, халқымыздың жартысына жуы­ғынан өлідей – бір, тірідей – екі айы­ры­лып қалған халықпыз. Арып-ашқан халықтың еңсесін тіктеу, рухын көтеру Голощекиннен кейінгі басшының мойнына жүктелді… Халық материалдық жағынан түрлі қиыншылықтарға ұшырап жатса да, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, өнерін Одақ көлемінде насихаттау – рухани бай ел екенімізді паш етті»,  деген екен.

Одан кейінгі жылдары да ұлт өнерін дамыту жолында өнер және мәдениет қайраткерлері Бибігүл Төлегенова, Нұрғиса Тілендиев, Роза Бағланова сияқты тұлғалар үлкен үлес қосса, кеңестік тоқыру жылдары қазақтың музыка өнерін әлемге паш еткен «Дос-Мұқасан» тобы, әнші Роза Рымбаева немесе Әлібек Дінішев сияқты өнер майталмандарын да осы тұрғыдан мақтан тұта аламыз.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін мәдениет пен өнер саласында өзінше талпыныстар жасады. Мысалы, «Азия дауысы» халықаралық музыка фестивалі елімізді тек сары құрлықта ғана емес әлемнің көптеген елдеріне танымал етсе, соңғы жылдары әнші Димаш Құдайберген өзінің аса ерекше талантының арқасында қазақ ән өнерін әлем сахнасына алып шықты. Қазақ әншісінің ғажайып дауысын тыңдап, өнерден ләззат алып дем алу үшін олар өнер иесінің концертіне кез келген уақытта баруға және сонда жиналуға тырысады.

Сондай-ақ, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында үздіктер қатарынан көрінген ақсулық диджей бауырымыз Иманбек Зейкенов биылғы наурыз айында Американың Ұлттық өнер академиясының  «Грэмми» сыйлығын жеңіп алуы қазіргі таңдағы еліміздегі мәдениет пен өнердің даму үстінде екендігін көрсетіп отыр.

«Өнерлі адам өрге жүзеді» деп халық даналығы бекер айтқан жоқ. Еліміздің мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқан қаншама мыңдаған адам басқаларға қарағанда айрықша көзге түсіп, еңбектері еленіп жүргені де анық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында іс-шараларды дәл осы сала мамандары абыроймен атқарып келе жатқанын білеміз.

Ел тарихын, оның салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін  жер-жаһанға насихаттап жүрген, бірақ ауқымды жұмыстардың тасасында қалып қойса да ұлт игілігі жолында тер төгіп келе жатқан өнер мен мәдениет саласы қызметкерлерінің қыруар еңбегі бағалана берсе екен дейміз. Заман талабына сай рухани жаңғырып, басқа елдерден артта қалып қоймау үшін келешекте қыруар жұмыстар жоспарланғандықтан бұл сала мамандарының иығына түсетін жүк одан ары ауырлай беретіні де рас.

Президент жарлығына сәйкес 2013 жылдан бері елімізде 21 мамыр күні мәдениет пен өнер қызметкерлері күні атап өтіледі. Сала мамандарын келе жатқан кәсіби мейрамдарымен құттықтай отырып, ел игілігі үшін еңбек ете береді деп сенім білдіреміз.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button