ЖаңалықтарОқиғалар кестесі

Жастар ресурстық орталықтарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі: NEET санатындағы жастармен жұмыс жасаудың жаңа бағыты

Бүгін Қазақстанның барлық өңірлеріндегі жастар ресурстық орталықтарын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің онлайн-отырысы өтті.

Іс-шараны ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырды.

Кеңес аясында NEET санатындағы жастарды өңірлердің әлеуметтік-экономикалық өміріне белсенді түрде тартуға бағытталған ЖРО қызметіндегі тәсілдерді жетілдіру мәселелері талқыланды.

Талқылау барысында ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов қатысушыларды NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі республикалық жобалық кеңсесінің іске қосылғанын, сондай-ақ «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы және Жастардың даму индексін әзірлеу жұмыстары жайлы хабардар етті.

«Республикалық жобалық кеңсенің қызметі аясында әр өңірде NEET санатындағы жастардың деректер базасын құру, сондай-ақ NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту, бизнес-жобаларды іске асыру, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы түрлі мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда», – деп атап өтті Шахмардан Байманов.

Өз кезегінде «Жастар» ҒЗО директоры Аян Сакошев NEET санатындағы жастардың әлеуметтік ұстанымдары туралы зерттеу нәтижелерімен таныстырып, NEET-жастар сияқты әлеуметтік қабаттың қалыптасуының негізгі себептеріне назар аударды.

«NEET жастары мемлекет тарапынан жұмыспен қамту, білім беру және тұрғын үй мәселесі сынды үш негізгі бағытта қолдау күтеді. Өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға деген ұмтылысы, жұмыс тәжірибесінің жоқтығы, коронавирус пандемиясына байланысты жұмыссыздық, қажетті позицияға қызметке тұру үшін белгілі бір деңгейдегі құзыреті мен білімінің болмауы сайып келгенде жастардың жұмысқа орналасуына үлкен кедергі», – деп атап өтті «Жастар» ҒЗО директоры Аян Сакошев.

Үйлестіру кеңесінің отырысында NEET санатындағы жастармен жұмыс істеудің өңірлік тәжірибесі ұсынылды. Атап айтқанда, Жамбыл облысы ЖРО директоры Айбек Таутен NEET жастармен жұмыс жасау бөлімдерін құру тәжірибесімен бөлісті.

Ал ЮНИСЕФ-тің жасөспірімдер және жастарды дамыту жөніндегі бағдарламасының үйлестірушісі Айгүл Қадырова ЖРО-ның тәжірибесіне сүйене отырып, жастардың «soft skills» даму моделін ұсынды.

Отырыс қорытындысы бойынша өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, NEET санатындағы жастармен жұмыс тәсілдерін жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірленді.

Айта кетейік, Жастар ресурстық орталығын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі – «Жастар» ҒЗО жанындағы тұрақты жұмыс істейтін сараптамалық алаң. Атап айтқанда, ЖРО қызметінің тиімділігін және жастар жұмысының деңгейін арттыру мақсатында әдіснамалық және практикалық қолдауды жүзеге асырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button