Жаңалықтар

Алматы облысының үздік еріктілері «Asyl Júrek» сыйлығымен марапатталды

Талдықорғанда Волонтер жылының жабылуына арналған салтанатты кеш өтіп, жылдың үздік еріктілеріне Алматы облысы әкімінің «Asyl Júrek» сыйлығы табыс етілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қағидаттарына сәйкес азаматтық бастамаларды және өңірдегі еріктілер қозғалысын қолдау мақсатында өңірдің белсенді тұрғындарына жеті номинация бойынша марапаттар табысталды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл Волонтер жылы деп жарияланғаны белгілі. Алматы облысы әкімдігінің ақпараты бойынша, елімізде төтенше жағдай режимі кезінде облыс еріктілері 26 мың отбасына көмектесіп, өңір тұрғындарына 80 мың медициналық маска таратқан және жедел желі телефоны арқылы түрлі мәселелер бойынша 50 мың тұрғынға кеңес берген.

Осылайша, 7 номинация бойынша «Asyl Júrek» сыйлығының 7 жеңімпаздары марапатталды:

«Asyl Júrek: Мұрагер». Этно еріктілік – Александр Сон;

«Asyl Júrek: Жан жылуы». Әлеуметтік волонтерлік – Амангелді Толамысов, «Харекет» қайырымдылық қорының волонтері»;

«Asyl Júrek: Табиғат Сүйер». Эко волонтерлік – Сергей Тандеев, «Қаз ЭКО» қоғамдық қорының директоры, «Волонтерлік қозғалыс» эко тобын құрушы;

«Asyl Júrek: Хайуанаттар қорғаушысы». ЗОО волонтерлік – Вероника Гузенко, «Зооклуб» қоғамдық қорының жетекшісі;

«Asyl Júrek: Көзсіз ерлік». Төтенше жағдай еріктілігі – Оксана Әмірғалиева, «LIDER.KZ» жоғалған адамдарды іздеу» клубының еріктісі;

«Asyl Júrek: Білгенімен бөліскен». Онлайн-волонтерлік – Әлішер Бекмұстафаев, Мектеп волонтерлері клубының президенті, «Birgemiz:Bilim-2020» жобасының мүшесі;

«Asyl Júrek: Шипагер». Медициналық еріктілік – Алмабек Батқалбеков, 2005 жылдан бастап Талдықорған қаласының Жедел жәрдем станциясында жұмыс істейді;

«Asyl Júrek: Халық жанашыры». Әлеуметтік еріктілік – Хумар Хадысұлы, 2017 жылдан бастап Талдықорған қаласына қарасы Еркін елдімекенінің мешітінде жұмыс істейді.

Іс-шара барысында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Данияр Есин «Asyl Júrek: Мұрагер» номинациясының жеңімпазы Александр Сон және «Asyl Júrek: Білгенімен бөліскен» номинациясының үздігі Әлішер Бекмұстафаевты марапаттады.

Салтанатты шараны Алматы облысының әкімдігі мен Алматы облысы бойынша «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесі ұйымдастырды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button