Жаңалықтар

«Өзгерістің саруарлары»: Акселерация бағдарламасынан өткен алғашқы төрт жоба таныстырылды

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты акселерацияның толық бағдарламасынан өтіп, өңірлерге масштабталуға дайын 20 жобаның алғашқы төртеуін таныстырды.

Айта кетейік, «Өзгерістің саруарлары» бағдарламасының аясында іріктелген 20 әлеуметтік жоба акселерацияның толық бағдарламасынан өтіп, бір жылдың ішінде арнайы сарапшылардың сабақтарын алды. Мақсатты аудиториясын кеңейту мақсатында сайттар мен CRM-жүйелері әзірленді. Көшбасшылық қабілеттерін күшейтіп, өзге жобалармен тығыз қарым-қатынас орнатудың арқасында тәжірибелерін арттырды.

Мәселен, «Aspara Fashion Week» жобасы акселератордың қолдауымен онлайн режимде Халықаралық сән апталығыны жазғы және күзгі маусымдарын өткізді.

«Біз Акеселератор сарапшыларымен бірге пандемия жағдайында жұмысты қалай жүргізу керектігін талқылап, алдағы бағдарымызды анықтадық. Осы орайда «Өзгерістің сәруарлары» бізге франчайзинг және PR бойынша кеңестер берілді. Fashion маусымдарын онлайн форматта өткізу туралы шешімді де осы акселерация барысында қабылдап, жұмыс жүйесін ретке келтірдік. Бұл шетелдік дизайнерлер мен сарапшыларды көптеп тартуға мүмкіндік берді және командамыз өзінің бет-бейнесін тез арада өзгертуге мүмкіндік алды», – деді жоба жетекшісі Айдархан Қалиев.

Иә, расымен де «Aspara Fashion Week» жобасы биыл бірінші рет онлайн форматта Сән апталығын өткізді. Маусым айында ұйымдастырылған апталыққа әлемнің 32 елінен 67 дизайнер қатысса, қазан айындағы шарада қазақстандық және халықаралық қатысушылар саны әлемнің 40 елінен 100 дизайнерге дейін артты.

Акселерация барысында жоба өз жұмысын онлайн бағытта дамытуды үйреніп, сараптамалық қолдау алды. Қазір «Aspara Fashion Week» келесі жылы ASPARA қоғамдастығы білім беру орталығын іске қосуды жоспарлап отыр. Ол жерде бейне-дәрістер форматында дизайнерлердің жас буынына арналған білім беру курстары ұсынылатын болады.

Акселерация бағдарламасынан өткен тағы бір жоба – «Temir Tumen» тарихи қайта құру клубы деп аталады. Олар Түркі қағанатының, Дешті-Қыпшақтың, Алтын Орданың, Қазақ хандығының және тағы басқа тарихи жәдігерлерді пайдалана отырып, сол кезгі батырлардың құрал-саймандарын, халықтың тұрмыстық жабдықтарын қайта жаңғыртумен айналысады. Бұл қозғалыстың бірегейлігі – олар алдарына ғылыми мақсаттар қойып, қайта жаңғырту барысында ғылыми әдістерді қолданады.

Акселератор сарапшылары реконструкция бойынша әдістемелік материалдарды қалыптастыру үшін ғылыми ортадағы мамандарды іздеуге көмектесіп, фандрайзинг құралдарымен, қызметті бюджеттеумен және жобаны құру жөнінде қолдау көрсетті. Жоба жетекшісі Мария Бережнаяның айтуынша, пандемия кезіндегі қиыншылықтарға қарамастан акселерация бағдарламасы жұмыстың дұрыс жолға қойылуына зор септігін тигізген.

«Акселератор жаңа серіктестер табуға көмектесті. Қазір Астанада пилоттық іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар масштабтау бойынша өз бағдарламамызды қайта құрудамыз. Мәселен, 2021 жылы қанатымызды 5 қалаға жайсақ деген жоспарымыз бар. Әлбетте, пандемия жоспарымызға кесірін тигізді. Бірақ акселератор сарапшылары жоспарларымызды онлайн түрде жүзеге асыруға көмектесіп жатыр, – деді Мария Бережная.

Бір қызығы, акселерация бағдарламасынан өткен жобалардың әрқайсысы әртүрлі бағытты қамтиды. Мәселен, «Болашақ» корпоративтік қоры қолға алған «Әр бала мектепке лайықты» жобасы аутизммен зардап шегетін балаларды қамқорлыққа алуға бағытталған. Жоба менеджері Жазира Искандированың айтуынша, бастапқыда «Өзгерістің саруарлары» бағдарламасына қатысуға өтініш бергенде жобаның франчайзингтік пакетін жасау мақсатын көздеген екен. Алайда Акселератор сарапшыларымен кеңесіп, талқылау жұмыстарынан кейін бүгінгі таңда франчайзингтік бизнес-модель бұл жобаны басқаруға жарамсыз деген қорытындыға келіпті.

«Қазіргі кезеңде жобаның барлық процестерінің регламенттері мен құжаттамасын жасауға көңіл бөлу дұрысырақ болады деп шештік. Сонымен қатар, акселерация бағдарламасы аясында басқа жобалармен, олардың көшбасшыларымен таныстық. Бұл біз үшін пайдалы және құнды болды. Енді бүгінде біз жергілікті атқарушы органдарға өңірде инклюзивті білім беруді дамыту, өңірдің кадрлық әлеуетін арттыру, инклюзивті білім беру саласында жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыс істеп жатқан мамандардың біліктілігін арттыру тұрғысында консультациялық қызметтер көрсетуге дайынбыз», – деді Жазира Искандирова.

Сондай-ақ, бірінші кезеңдегі таныстыру барысындағы жобалардың ішінде   әр ұлттың билерін үйрететін «Nomad» жобасы да болды. Жетекшілердің айтуынша, енді келесі жылдары еліміздің өзге өңірлерінен де филиалдарын ашу көзделуде.

Жалпы, алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық дамыту институты акселерацияның толық бағдарламасынан өткен басқа да жобаларды кезегімен таныстырып, нәтижелерін көпшілікке ұсынады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button