ЖаңалықтарОқиғалар кестесі

Қазақстандық және шетелдік сарапшылар Тұңғыш Президенттің ел дамуындағы тарихи рөлін талқылады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында қазақстандық және халықаралық сарапшылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық феноменін, табысқа жету формуласын және Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуындағы Елбасының жасампаздық рөлін талқылады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған дөңгелек үстел «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті: Жасампаздық пен үдемелі дамудың 30 жылы» деп аталды.

Шараны ашқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақстанның 30 жылдық үдемелі дамуының жетістіктері хроникасы Елбасының көшбасшылық тарихы екендігін атап өтті. Тәуелсіз Қазақстанның барлық негізгі кезеңдері Нұрсұлтан Назарбаевтың елімізді бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына кіруі үшін бағытталған жұмыстармен тікелей байланысты.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікірінше, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, астананы көшіріп, қайта жаңа елорданы құру, антиядролық және интеграциялық бастамаларды жүзеге асыру, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, елдегі жаңа технологиялардың дамуы сынды Елбасының тікелей ат салысуымен атқарылған көптеген бастамалар мен қадамдардың барлығы халықаралық қоғамдастықтың тәуелсіз акторы ретінде Қазақстанның одан әрі дамуының берік іргетасын қалады. Қазақстан Республикасының алғашқы Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов Елбасының Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы жылдарын еске алды.

«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін алған кезде оның шекарасы бекітілмеген болатын. Бұл ел болашағы үшін қауіпті еді. Ал шекара болмаса Тәуелсіздік баянды болмайды. Осы кезде Нұрсұлтан Назарбаев көршілес мемлекеттің басшыларымен парасатты келіссөздер жүргізу арқылы шекарамызды құқықтық тұрғыда бекітіп, Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалады», – деді Төлеутай Сүлейменов.

Ал өз кезегінде шетелдік сарапшылар ҚР Тұңғыш Президентінің жаһандық бастамаларды дамытудағы және халықаралық интеграциялық процестерді дамытудағы үлкен рөлін атап өтті.

Мәселен, Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің президенті Ефим Пивовардың айтуынша, Қазақстанның аймақтағы көшбасшылығын қамтамасыз еткен, Еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үдерістердің стратегі, әрі сәулетшісі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мұның барлығы Елбасының сындарлы экономикалық стратегиясының, халықаралық кеңістіктің алып өкілдерімен терезесі тең дәрежеде байланыс орнатуының және әлемдегі неғұрлым тиімді, әрі үйлесімді жалпыұлттық келісім мен бірліктің пәрменді моделінің арқасында мүмкін болды.

Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры, Философия ғылымдарының докторы Нигинахон Шермухамедова дөңгелек үстел барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан мен Қазақстан мәдениеттерінің қарым-қатынасын дамытудағы орасан рөлін атап өтті.

Сондай-ақ, сарапшылар Елбасының нәтижелі саясаттарының бірі ретінде этностық топтар үшін тең мүмкіндіктер стратегиясының іске асырылғандығын және ұлтаралық татулықты күшейту арқылы ұйымшыл мультиэтностық қоғамның қалыптасқанын айтты.

«Дәл осы ұлтаралық рухани байланыстар, этностардың бір-біріне деген толеранттылығы, өзара құрметі – Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі ретінде күллі әлемге үлгі бола алады», – деп атап өтті Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедра меңгерушісі, Лев Гумилев атындағы ЕҰУ ҚХА кафедралары қауымдастығының төрағасы, Халықаралық информатизация академиясының академигі, с.ғ.д Наталья Калашникова.

Бұл мәселеге Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркіт Аяған да пікірін білдіріп, елімізде этносаралық қақтығыстардың орын алмауы және тұтастығымыздың сақталуы да Елбасымыздың сындарлы саясатының нәтижесі екендігін айтты.

«Бұл 30 жылдық даңғыл жолды Қазақстан халқы абыроймен өткізіп, рухани жаңғыруды санасына сіңірген қоғам ретінде қалыптасып келе жатырмыз», – деді Бүркіт Аяған.

Қазақстандық және шетелдік сарапшылардың айтуынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанып отырған этносараралық келісімнің заманауи саясатының тренді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бағытының сабақтастығына негізделген және тұрақтылық пен қоғамның бірігуін қамтамасыз етуге, сындарлы диалог негізінде этносаралық процестерді реттеуге мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстелге, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Санат Көшкімбаев, Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Бәшімов, сонымен қатар өзге де қазақстандық және шетелдік сарапшылар қатысты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button