Жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда жас саясаттанушылардың онлайн-мектебі басталды

Нұр-Сұлтанда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Policy Camp» республикалық жас саясаттанушылардың онлайн-мектебі басталды.

Кеше жоба аясында саясаттанушылар мен сарапшылардың қатысуымен диалог алаңы ұйымдастырылды. «Жастардың электоралды мiнез-құлқын қалыптастырудағы сарапшылар қауымдастығының рөлi» тақырыбында өткен сұхбат алаңына «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық кеңестің мүшелері Айдос Сарым мен Андрей Чеботарев, ҚР қоғам қайраткері, академик Наталья Калашникова, «Саясаттану» мамандығы бойынша PhD докторы Индира Рыстина және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрбол Серікбеков  қатысты.

«Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті Бану Нұрғазиеваның айтуынша, қазіргі қоғамда жас саясаттанушылардың рөлі өте жоғары. Олар белсенді болған сайын қоғам да дами түспек.

«Азаматтық қоғамы неғұрлым күшті елдер соғұрлым жылдам дамиды. Бұл – аксиома. Сондықтан, жас саясаттанушылар белсенді жұмыс жүргізіп қана қоймай, жан-жақты сауатты болуы қажет», – деді Бану Нұрғазиева.

Өз кезегінде саясаттанушы, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық кеңестің мүшелері Айдос Сарымның ойынша бүгінгі қоғам саясаттың мақсаты мен мүдделерін шатастырып алып жатыр.

«Шындап келетін болсақ, біздің халық, біздің қоғам көп нәрсені шатастыратын сияқты. Соның ішінде саясаттың мақсаты мен саясаттың кейбір құралын шатастырып алады. Мысалға, фейсбукке ойыңды жазу – саясат емес, саясатты жеткізу. Ал егер қандай да бір бағдарламаны немесе заңды жасап, халықты соған көндіріп, соны екі Палатаға да мақұлдатып, Президенттің қолын қойдыра білсең, міне, нағыз саясат осы», – деді Айдос Сарым.

Осы орайда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрбол Серікбеков бүгінде қазақстандық қоғамның кімдерге көбірек сенім артатынын айтып берді.

«Социологиялық зерттеулерге сүйенсек, сауалнамаға қатысқандардың 48,7 пайызы қоғамдық пікір көшбасшылары ретінде журналистерді көреді екен, ал 35,3 проценті пікір көшбасшылар саяси қайраткерлерді санаса, тағы 25,9 пайызы пікір көшбасшылары деп қоғам қайраткерлерін, ғалымдар мен сарапшыларды атаған. Яғни, біздің қоғамда ғалымдарға, зерттеушілерге, түрлі саланың сарапшыларына сенім өте жоғары. Біздің міндетіміз – жастардың саяси сауаттылық деңгейін одан әрі арттыру және Қазақстанның сарапшылық қоғамдастығын дамыту. Жалпы, бүгінде сарапшылар қауымдастығының рөлі әлемнің барлық елдерінде, соның ішінде Қазақстанда да артып келеді. Сондықтан жастардың саяси сауаттылығын арттыру, сарапшылар қауымдастығын дамыту өзекті мәселелердің бірі болып саналады», – деп атап өтті Нұрбол Серікбеков.

Айта кетейік, Policy Camp» Республикалық жас саясаттанушылардың онлайн мектебі 14 қарашаға дейін жалғасады. Жоба аясында бүгін саясаттанушылар мен сарапшылардың қатысуымен онлайн семинар-тренинг, ал ертең онлайн-дебат ұйымдастырылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button