Жаңалықтар

ҚҚДИ еліміздің барлық өңіріндегі волонтерлерге арналған оқыту семинарларын өткізді

2020 жылдың қазан айында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ халықтың түрлі санатын «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ақпараттандыру бойынша еліміздің барлық өңіріндегі волонтерлерге арналған оқыту семинарларын өткізді.

Оқыту семинарларына Волонтерлердің республикалық фронт-офисі мен өңірлік фронт-офистері қатысты. 13-22 қазан аралығында мемлекеттік және орыс тілінде 6 оқыту семинары өткізілді.

Дәрістерді «Рухани жаңғыру» Орталығының жетекшісі Жанар Қалиқанқызы Боқанова мен орталықтың жетекші менеджері Төлеу Рыспекұлы Әбішев жүргізді.

Семинар барысында қатысушыларға «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі міндеттері мен жобалары талқыға салынып, жүзеге асқан жұмыстардың нәтижесі айтылып, идеологиялық жұмыс жүйесінің маңыздылығы мен өзектілігі, сондай-ақ жүргізілген зерттеу бойынша қазақстандықтардың жаңа заманауи келбеті таныстырылды. 

Оқыту семинарларына республика барлық өңірлер мен ауылдардан 200-ден астам ерікті қатысты.

– Қоғамдық сананы жаңғырту және халыққа «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі қағидалары мен жобаларын түсіндіруде мұндай семинарлардың берері көп. Әсіресе, жастардың бағдарламада алар орны ерекше. Қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі болашағы – мектеп оқушылары мен жастарды оқытудан басталады. Семинар барысында көптеген қатысушыларда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негіздері жайлы түсініктің аздығы байқалды. Бұл – өз кезегінде бағдарламаны тиімді жүзеге асыруға кедергі келтіреді, – дейді Т. Әбішев.

Сондай-ақ, қатысушылар мұндай шараларды жиі өткізуді ұсынуды, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайлы дұрыс түсінік қалыптасуы мен оның жүзеге асуына атсалысатындарын жеткізді.

– Семинардан жақсы әсер алдым. Бұрын мұндай бағдарлама барын еститінмін, бірақ оның маңыздылығы, қажеттілігі мен жүзеге асу барысынан хабарым жоқ-тын. Семинардан кейін бағдарламаның ел дамуында алатын орны маңызды екенін көрдік. Мұндай түсіндірмелі семинарлардың пайдасы көп деп ойлаймын. Халық «Рухани жаңғыру» бағдарламасын кешенді шаралардың жиынтығы деп емес, үлкен идеологиялық платформа екенін түсіну керек, – дейді семинарға қатысушы, Алматы облысының еріктісі Аида Сәбит.

Басқа жаңалықтар

Back to top button