Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысы өтті

Нұр-Сұлтанда Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өткізілді.

Отырыста Бағдарламаны 2020 жылы іске асыру нәтижелері және алдағы жұмыстың жаңа басым бағыттары қарастырылды. Кеңес барысында атқарылған жұмыс жөнінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ҚР Білім және ғылым министрі Асқат Аймағамбетов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндады.

«Үш жыл ішінде Бағдарламаның институционалдық құрылымы толық қалыптасты. Бүгінгі таңда барлық аймақтарда өңірлік жобалық кеңселері жұмыс істейді. Бағдарламаны әдістемелік және талдамалық жағынан қолдау масатында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ құрылды.Сондай-ақ, қазіргі уақыттың сын-қатерлерін ескере отырып, Бағдарламаны тиімді іске асырудың жаңа әдістемелік құралдары әзірленді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бүгінге дейін елімізде ауқымды да қарқынды жұмыстар атқарылды. Нақты бағыт-бағдар айқын, тиісті жоспар мен оны іске асырудың тетіктері бекітілген. Әрине, қоғамдық сананы жаңғырту бір күндік іс-шара емес. Бұл көпжылдық жүйелі жұмыстар кешенін қажет етеді. Сондықтан да оған барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен институттар бірдей деңгейде қатысуы қажет деп санаймыз. Бағдарламаны іске асырудың сапасын жаңа сатыға көтеріп, оның нәтижелілігін одан ары дамыту үшін оған барлық деңгейдегі мүдделі құрылымдардың қатысуы маңызды», – деді Аида Балаева.

Отырыс барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспарының орындалуы талқыланды. Айта кету керек, әлемдік пандемия мен экономикалық дағдарыс көптеген шаралар мен жобалардың жүзеге асуына кесірін тигізіп, кедергі болды. Басым көпшілігін кейінге шегеруге тура келді. Кейбір шаралардың концепциясы қайта қаралды.

Бағдарлама аясында еліміздің руханияты мен тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, білімі мен ғылымын тереңдету, таныту, зерттеу бағыттары бойынша жұмыстар кеңінен жалғасуда.

Комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев рухани жаңғырудың ұлттық жаңғыруға ұласуы үшін бар күш жігерді салу қажеттігін айтты.

«Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды» деп атап өтсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда халыққа арнаған Жолдауында: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруы тиіс» екенін айрықша айтты. Яғни, ұлттық сананы жаңғыртудағы осы саяси сабақтастықты негізге ала отырып, біз рухани жаңғырудың ұлттық жаңғыруға ұласуына барынша күш-жігерімізді салып, ұлтымызды жаңа сапалық деңгейге көтеруге қызмет етуіміз керек», – деді Қырымбек Көшербаев.

Осыған орай, Комиссия отырысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын одан әрі тереңдетіп, Ұлттық жаңғыру кезеңіне өткізудің арнайы «Жол картасын» жасау қажет деген шешім қабылданды. Бұл құжат аса маңызды ұлттық жоба ретінде жүргізіледі.

Ұлттық жаңғыру жобасының ең басты мәні – Ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұл – ұлттық жаңғырудың стратегиялық мақсаты ретінде қала бермек.

Жол картасында Мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру, Білім және ғылымды дамыту, Жоғары ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру, Еңбек адамын қалыптастыру, Ауылды түлету сияқты тағы басқа кешенді іс-шаралар қамтылады.

Мемлекеттік хатшы отырысты қорытындылай келе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттары бойынша жұмысты одан әрі жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button