Жаңалықтар

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған брендбугі әзірленді

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» Абай мерейтойы қарсаңында пайдаланатын арнайы брендбукті әзірлеп, жариялады.

Логотипте танымал бейнені көрсету мақсатында қазақ ойшылы мен ақынының портреті егжей-тегжейлі пысықталды. Портреттің негізгі түсі – күлгін. Ол кейіпкердің көңіл-күйін, ойшылдығын һәм пайымдылығын көрсетеді. Логотипті қабылдау оңай және пайдалануға ыңғайлы болуы үшін оның нысаны графареттік стильде қарапайым графика элементтерімен әзірленген. Гаммада бұдан бөлек көк, қызыл, жұпаргүл және құм (алтын) түстері де бар.

Логотип сипаттамасында: «Абайдың еңсесі көтеріңкі. Ерік-жігері мен даналығы анық көрінеді. Алдымызда ұлы ойшылдың бейнесі тұрғанын оның жазық маңдайы, қалың қабағы паш ететіндей. Абайдың өзіне тән бейнесін топы мен камзол түріндегі киім элементтері толықтыра түскен», – деп көрсетілген.

Фирмалық стильде Абай портреті ғана емес, іс-шараның маңызды құрамдас бөлігі ретінде 175 саны да қолданылған. Негізгі элементтерге қосымша құрақ көрпе стиліндегі графика және танымал ұлттық өрнек қосылған. Бұл стиль ұлттық бейнені айқындай түседі. Әр түрлі дизайнға оңай бейімделеді.

Мерекелік іс-шараларды тиянақты ресімдеу үшін брендбук құрамында: логотип тұжырымдамасы, фирмалық стиль бойынша нұсқаулық, тарату материалдарының дизайны, көлікті безендіру дизайны, іскерлік құжаттарды рәсімдеу дизайны мен сыртқы жарнаманы рәсімдеу материалдары қамтылған.

Фирмалық стиль бойынша басшылықпен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ сайтынан танысуға болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button